×

Ақтөбеде сапта тұрған сарбаз жел шығарып қойғаны үшін басынан ауыр соққы алды

18 жастағы Алдияр Кеңесбек әскери борышын өтеуге маусымда барған

 Ұлдана Жұбай 22.09.2022 | 09:47
Halyq Uni

Ақтөбедегі әскери бөлімде борышын өтеп жүрген жамбылдық жігіт жел шығарып қойғаны үшін жазаланған. Алдияр Кеңесбекті бұл әрекеті үшін сержант соққыға жыққан, деп хабарлайды Halyq Uni.

Маусымда Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімге Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен 18 жастағы Алдияр әскерге сау барып, сал болып қайтқанын айтады. Жас сарбаз өзінің бұл күйге түскеніне сол бөлімді басқарған сержантты кінәлайды. Айтуынша, бұл жағдай ұйықтар алдында болған.

Түнгі сағат он шамасында сапқа тұрдық. Сол сәтте жел шығарып қойдым. Қасымдағылар жағымсыз иіске шулап кетті. Кейін сержант келіп, «кім осырды?» деп сұрады. «Мен» деп жауап бердім. Мені басқа бөлмеге алып кетті, сол жерде орындықпен басымнан қойып қалды. Әрі қарай есімді білмеймін, талып қалдым. Санитарлық бөлімге апарды, есімді сол жерде жидым, - дейді Алдияр Кеңесбек.

Сарбаз сол жағдайдан кейін бір апта әскери бөлімде емделген. Алайда жағдайы күн өткен сайын нашарлаған, тұра алмайтын жағдайға жеткен.

Осындай жағдайда екі ай жүрген, содан кейін ауруханаға жатқызылған. Сол жерде науқастың туыстарына хабар берген.

Сарбаздың әкесі Ақтөбеге барып, ұлын Таразға алып қайтқан.

Ұлымның ауыр халде жатқанын естіп, бірден Ақтөбеге бардым. Расымен де, жағдайы нашар екен. Жүрегім ауырып кетті. Қайта-қайта талып, аяқ-қолы құрысып қала береді. Дәрігерлер тек антибиотик салады екен, басқа еш ем-дом жасамаған. Ол дәрінің өзін мөлшерден көп салған. Сәл кешіксем, баламның мәйітін алып қайтатын едім, - дейді Алдиярдың әкесі Кеңесбек Әбдірайымов.

Сарбаздың ата-анасы ұлын мұндай жағдайға жеткізген сержантты қатаң жазалауды сұрайды. Сондай-ақ ұлын қайта әскерге жібермейтінін жеткізді.

«Кінәлі адам жазалануы керек. Әрбір азаматты әскерге қабылдар алдында медициналық тексерістен өткізеді. Алайда менің ұлымды жалған мөр қойып, дені сау деп өткізе салған. Толық тексермеген. Ұлымның денсаулығы жоқ. Енді осындай жағдайға түсіп отырмыз. Ұлымды Таразға алып келгеннен кейін де аурухана жатқыза алмай жатырмын. Себебі ұлымның сарбаз екенін айтады. Қолдан келгенше үйде емдеп жатырмыз», - дейді Алдиярдың анасы Назгүл Бекенова.

Тараз қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы Алдияр Кеңесбектің әскерде жіберілерде медициналық тексеруден өткенін, оның борышын өтеуге жарамды болғанын айтады.

«Құзырлы органдар әскерге жіберу алдында кейінгі 5 жылда жергілікті жерде тіркелген медициналық құжаттарын алдыртады. Ол жерде созылмалы және жұқпалы аурумен ауырған-ауырмағанын қараймыз. Алдияр Кеңесбек ауру-сырқауы жоқ, денсаулығы жақсы болғандықтан, оған тереңдетіп тексеру жүргізілмеген. Тексеруден кейін оның А санаттағы жарамды екені анықталған. А санаты – толық жарамды деген сөз. Қандай да бір ауруға шағымы болмағандықтан, тереңдетіп медициналық тексеру біздің міндетімізге кірмейді», - деді Тараз қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Әсембек Ахметов.

Сарбазды соққыға жыққан сержанттың ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ақтөбедегі әскери прокуратура оған қатысты қылмыстық кодекстің 451-бабы («билікті асыра пайдалану») бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі «билікті асыра пайдалану» бабы бойынша тергеп-тексеруді бастады. Қазір тиісті шұғыл тергеу жүргізіліп жатыр. Медициналық сараптама тағайындалды», - деді Ақтөбе гарнизонының әскери прокуроры Жандарбек Спан.

Ал Алдияр Кеңесбектің демалыс уақыты 7 қазанда аяқталды. Алайда Алдиярдың ата-анасы оны әскерге қайта жібергісі келмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама