Halyq Uni логотип
×

«Орысша балабақша мен мектеп ашуға мәжбүр боламыз». Саясаттанушылар Ресейдегі мобилизацияға пікір білдірді

Сарапшылар 24 ақпаннан бері елімізге миллионға жуық ресейлік кіріп кеткенін айтады

 Ербол Тұрымбет 21.09.2022 | 14:13
«Орысша балабақша мен мектеп ашуға мәжбүр боламыз». Саясаттанушылар Ресейдегі мобилизацияға пікір білдірді
Сурет: inbusiness.kz

Ресей президенті Путиннің ішінара мобилизация бұйрығына қол қоюына байланысты еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзірге шекараны жабу немесе күшейту бойынша ешқандай мәлімет бермей отыр. Halyq Uni осыған қатысты саясаттанушылардың пікірін сұрады. 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің жазуынша, бас сауғалайтындар ақымақ емес. Ресейде Украинаға аттануға ниеті жоқтарға қылмыстық қудалау енгізілсе, бас сауғалайтындарды қылмыскер ретінде қарайтынын түсініп отыр. Сондықтан Ресей құқық қорғау органдары халықаралық іздеу жариялап, Қазақстанға экстрадиция жөнінде сұрау салуы мүмкін. Ал Қазақстан Ресейдің одақтасы болғандықтан оған қарсы бас тартатындай себеп табуы неғайбыл. 

Сол үшін де Украинаға барғысы келмейтіндер, яғни қару ұстап соғысқысы келмейтіндер әлдеқайда қолайлы жер ретінде Балтық жағалауы елдері мен Грузиядан бір шығуы мүмкін. 

Сонымен қатар, Ресей әзірге ішінара деген мобилизация жоспарын орындау үшін өз одақтасы – Қазақстаннан территориясына мобилизацияға жататын ресейліктерді жібермеуді, ал анықталған жағдайда ондайларды Ресейге кері қайтаруды сұрауы мүмкін. Бұл ресми Мәскеу тарапынан әлдеқайда ақылға қонымды қадам болар еді. Қазақстан да оған қарсыласа алмайды, – дейді ол.

Ал саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, біздің ел қазір шекараны жабуға дейін бара қоймас. Дегенмен, мұндай мәселені сонау 24 ақпаннан бастап қолға алу керек еді деген пікірде. Себебі, бүгінге дейін елімізге кемі миллион ресейлік кіріп кеткенін айтады. 

Олар ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қауіп тудырып тұр. Өйткені, екіжақты келіскен ратификацияларымыз бар. Соған байланысты оларға кейін орыс тіліндегі балабақша, мектеп, т.б. ашуға мәжбүр боламыз. Өз азаматтарымызды қазақша сөйлете алмай жүргенде бұл үлкен қауіп болғалы тұр, – дейді ол. 

Сондықтан, ел аумағына кіріп жатқандардан мемлекеттік тілде емтихан алу керектігін айтады. Оның сөзінше, мысалы, Ресейдің өзінде гастербайтерлерге дейін осындай емтихан алады. Сондықтан біршама шекаралық шектеулер енгізу керек деген ойда. Өйткені, осы тектес біршама шекаралық шектеулер әлемде бар тәжірибе.

Екіншіден, саясаттанушының пікірінше, әскерімізді күшейту керек. Өйткені, Ресей Украинаның екі облысын қосып алғаннан кейін Солтүстік Қазақстанға қауіп төнуі мүмкін. 

Оны қазірдің өзінде Александр Дугин секілді саясаттанушылары ашықтан-ашық айтып жатыр. Біз әлбетте, өткенде келіп кеткен Қытай басшысының, одан қалды Түркия басшысының бізге қатысты қолдау сөздерін білеміз. Алайда соғысқа келгенде мемлекет бәрібір қарсыласпен бетпе-бет қалады, – дейді Дос Көшім. 

Айта кетейік, бүгін Ресей президенті Владимир Путин елінде ішінара мобилизация жариялаған еді. Тиісті бұйрыққа қол қойып қойған. Мобилизация бүгіннен басталады. Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудің айтуынша, бұл жалпы мобилизация ресурсының 1%-ын, яғни 300 мың резервисін қамтиды. Оған запастағылар, әскери күштердің қатарында борышын өтегендер және әскери-есептік мамандық меңгерген азаматтар жатады. Одан тек жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайы және сот үкімімен бас бостандығынан айрылғандар ғана әскери борыштан босатылады.

Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірінше, Қазақстан өз тарапынан қам жасауы керек. 

Егер осы шешімнің (мобилизация – ред.) кесірінен Қазақстанның шекарасында бандиттер, қылмыскерлер, басқа да адамдар қолына қару алып Қазақстан аумағына өтіп, ұрлықпен айналысатын болса, осындай жағдайда жабу керек. Басқа жолы жоқ. Есі дұрыс мемлекет ешқашан басқа елдің кепілдігіне сеніп отыра алмайды. Сондықтан өзі қам жасай береді. Қазақстан солай етіп те жатыр. Мысалы, кеше Қостанайда оқу-жаттығу өтті. Мұндай шаралар тоқтамай, жалғасып отыруы керек, – дейді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама