Мұхамеджан Тазабек Қайрат Сатыбалдыға сынақтан қасқайып тұрып өтуді тіледі
Ең алғаш бізді қасиетті Меккеге алып барған «қажымайтын қара нар» ғой бұл кісі дейді
Кейінгі кезде сыннан көз ашпай жүрген ақын Мұхамеджан Тазабек Instagram-дағы парақшасында өзі әрдайым жанынан табылып, жақын араласқан Қайрат Сатыбалдының кешегі соты туралы пікір білдірді.
Кінәсі болса мойындау – еркектің тірлігі! Тергеу ақырына жеткенше мың түрлі вариант, жүз түрлі версия айтылды. Әлемдік террордан әйелдік өсекке дейін түк қалдырмай қамтып, халыққа «ақпарат» тараттық... «Қаңтарға» қатысы бардай, төңкеріс қалаған жандай айыптадық. Қара ниетпен қаралағандар да, таңдайы түскенше табалағандар да болды. Аллаға тапсырдық! Адамның тағдыры Алланың қолында. Алла қалаған құлын сынайды, қалаған құлын тазартады. Бізге жаман көрінген нәрседе жақсылық, жақсы көрінген нәрседе жамандық болуы мүмкін. Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді... - деп әңгімесінің әлқиссасында әдеттегідей көркем сөздер тізбегін жасап алды ақын.
Одан кейін өздеріне тән сақалға қатысты біраз әпсана соққан. Ал негізінде «ақпаратта ынсап болмаса, қоғамда әділдік болмайтынын» айтқысы келген екен. Оған да біраз сөз шығындаған.
«Ағамызға Алла жар болсын! Сынақтың жеңілдігін берсін. Ең алғаш бізді қасиетті Меккеге алып барған «қажымайтын қара нар» ғой бұл кісі. Сол жасаған жақсылығыңыз үшін тұра беріңіз қасқайып, Қайрат аға!!!» - деп жазба соңында ғана нақты бір ауыз сөз арнапты, істі болып отырған азаматқа.