×

Петропавл – қоқыс қала: шаһарда бір айдан бері қалдықтар жиналмаған

Тұрғындардың коммуналдық компанияға қарызы 28 млн теңгеге жеткен

 Самат Жақып 21.09.2022 | 09:16
Halyq Uni

Петропавл қаласында жеке сектордан бір айдан бері қоқыс шығарылмаған. Қазір қалдықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тазалыққа жауапты компания өкілдері халық коммуналдық төлем жасамаған соң контейнерлерін алып тастаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жағдай «Береке» ықшамауданында қиындаған. Бұл аудандағы мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеменің айналасы қалдыққа толы. Коммуналдық қызмет көрсететін компания өкілдері контейнерді алып тастаса да, тұрғындар ол жерге әлі де қоқыс тастап жатыр.

«Бұл мәселенің туындағанына бір айдан асты. Үйімнің жанында бұрын монша тұрған. Ол бұзылған соң қазір тұрғындар сол жерді полигонға айналдырып алды. Тұрғындар тұрмыстық қалдықтарын үйіп жатыр. Кімнің лақтырып жатқанын да білемін. Көрсете аламын. Әкімдікке хабарласып, айттым. Учаскелік полиция инспекторы да хабардар. Көшеміз қазір лас. Аяқ алып жүрудің өзі мұң болды. Ал иісі қолқаны қабады», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Асқар Қасенов.

Айтуынша, қоқыс маңында маса да көбейген.

«Өзім барлық қоқысты моншадағы пешке жағып жіберемін. Бұлай жалғаса берсе, не болатынын білмеймін», - дейді ол.

ҚОҚЫС ШЫҒАРУ ТАРИФІ 2017 ЖЫЛДАН БЕРІ ӨЗГЕРМЕГЕН

Қазір облыс орталығында қоқыс шығарумен 4 бірдей кәсіпорын айналысады. Алайда олар да тығырыққа тірелген. Айтуларынша, қалада 2017 жылдан бері тариф өзгермеген. Ал жанар-жағармай, жүк көліктерінің қосалқы бөлшектері бағасы бірнеше есе артқан. Салдарынан олар шығынға батқан.

«Жеке секторда тұратындар бізбен келісімшарт жасасқысы келмейді. Халықтың тек 30 пайызының ғана келісімі бар. Оның өзінде олар төлем жасамайды. Бұл аудандарда қанша адам тұратынын да білмейміз. Барсақ, есігін жауып алып кіргізбейді. Тұрғындар контейнерлерді қоқыстан бөлек түрлі құрылыс материалдарымен толтырып тастайды. Сондықтан біз қоқыс жәшіктерімізді алып кеттік», - дейді «КоммунСевер» ЖШС директоры Мұрат Есмұқанов.

Оның сөзінше, компания екі жыл қалаға көмек ретінде бұл аудандағы қоқысты тегін шығарған. Алайда қазір өз жағдайы да мәз емес.

22 АДАМ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Қазір аялдамалар маңында қоқыс үйіліп жатыр. Сондықтан тәртіп бұзғандарды полиция қызметкерлері әкімшілік жауапқа тартқан.

«Батыр Баян көшесінің бойында қоқысты заңсыз тастау дерегі көбейді. Мұндай заң бұзған азаматтарға 5 АЕК (15 315 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер тұлғалар өз кінәсін мойындаса, онда тек жартысын өтеуге болады», - дейді учаскелік полиция инспекторы Бейбіт Әлімжанов.

Оның сөзіне, бір айда 22 адамға хаттама толтырылды.

Ол сондай-ақ қалдықтарды лақтырып жатқан осы ауданның тұрғындары екенін айтты.

«Сондықтан біз қазір олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қалалық әкімдік бұл аумақтарға камера қойып жатыр», - деді полицей.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 4,5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗЫ БАР

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұл мәселенің қазір өршіп тұрғанын айтты.

«Тұрғындар қоқыс шығаратын кәсіпорындармен келісімшартқа отырмаған. Салдарынан олардың үйінің маңы, көше бойы қалдыққа толды. Сондай-ақ тұрғындар бірнеше жыл коммуналдық төлемді жасамаған. Қарызы да көбейген. «Береке» ықшамауданы халқының қарызы – 4,5 миллион теңге», - дейді бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Оның сөзінше, тұрғындар жеке сектор не көпқабатты үйде тұрса да, қоқыс шығару үшін келісімшарт жасасуға тиіс.

«Коммуналдық компания өкілдері қарызын қайтарып алу үшін сотқа жүгінуі де мүмкін», - дейді Айтолла.

Бұл мәселені шешу үшін қоқыс шығару тарифін өсіру қажет. Сондықтан коммуналдық кәсіпорын басшылары мәслихатқа ұсыныс әзірлеуді жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама