«Динамо» стадионындағы азаптау: Атырау прокуратурасы тергеудегілер бойынша ашып айтпады
Атырауда азаптау дерегі бойынша 12 қылмыстық іс қозғалған
Қаңтар басында Атырау қалалық полиция басқармасының ауласындағы «Динамо» стадионында болған митингке қатысты деп ұсталып, соққыға жығылғандарға қатысты прокуратура қандай шара қолданды? Азаптау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр ма? Halyq Uni тілшісі осы сауалдарды облыстық прокуратураға жолдап, жауап алды.
Облыс прокуратурасына бүгінде азаптау деректері бойынша 12 арыз түскен. Арыз иелері көрсеткен ұрып-соғу және басқа да көрсетілген уәждерін тексеру үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 2-тармағының 1-тармақшасымен («Адамдар тобымен жасалған азаптаулар») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Арнайы прокурорлар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады. Сұрау салуда көрсетілген өзге мәселелер сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiнiң құпиясы болып табылады және Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды, - деп жауап берді Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал Гилим.
Еске салайық, Атырауда азаптау дерегін алғашқы болып әлеуметтік желілерде ашық жария еткен қала тұрғыны Сергей Шутов болатын. Ол 4 қаңтар күні Махамбет-Исатай алаңында митингте болған. Полиция Шутовты үйінен арада бір апта өткенде - 11 қаңтар күні алып кеткен. Айтуынша, оны бірнеше сағат бойы «Динамо» стадионында азаптаған. Бұдан соң 14 қаңтар күні белгілі қоғам белсендісі Макс Боқаев Атырауда митингке қатысты деп ұсталғандарды азаптауға қарсы прокуратура ғимараты жанында жалғыз пикет өткізді. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Атырау облысының прокурорына арыз түсірді. Боқаев қаңтардың 7-сінен бастап митингке қатысушылардың ұсталып, оларды азаптап, ұрып-соғып жатқанына наразылығын білдірді. Сол кезде ол прокуратураның ешқандай шара қолданбай отырғанын айтты.
Кейін азаптау бойынша деректер әр өңірде ашық айтылып, үлкен резонанс тудырған соң, мәселеге мемлекет тарапынан назар аудара бастады.
4 ақпан күні брифингте Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов елімізде бүгінде прокуратураға тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану, билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы 148 шағым келіп түскенін хабарлады. Соның 105 шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалған (91 тыйым салынған тергеу әдістері және 14 лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану бойынша).
«Оның ішінде әлеуметтік желілерде айтылған Атырау облысында «Динамо» стадионында болған жағдайлар, Алматы облысында Батырбаевқа қатысты және басқа да фактілер бар. Брифинг кезінде осындай оқиғалардың жан-жақты, толық тексерілуін қамтамасыз ету үшін, олар бойынша тергеу жүргізу жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне (104) және арнайы прокурорларға (1) тапсырылғаны айтылды», - деп хабарлады Е.Қилымжанов.