×

Тараздың жаңа әкімі Бақытжан Орынбековке 3 мейрамхана тиесілі болған

Тараздың қазіргі әкімінің туыстары бизнеспен айналысады

 Ұлдана Жұбай 20.09.2022 | 14:40
Halyq Uni

Әлеуметтік желіде Тараз қаласының жаңа әкімі Бақытжан Орынбековтің бірнеше кәсібі бар екені туралы ақпарат тарады. Қызметке тағайындалғанына жарты ай болған Орынбеков бұл сұраққа өзі жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала әкімі БАҚ өкілдерімен кездесіп, бұған дейін бизнеспен айналысқанын айтты. Алайда барлық бизнесін інісіне тапсырған.

«2004 жылға дейін бизнеспен айналысқаным рас. Алайда сол жылы барлық кәсібімді ініме тапсырдым. Тараз қаласында бизнеспен айналыспадым. Мемлекеттік холдингте қызмет еттім. Отбасымның барлық мүшесі бизнеспен айналысады. Ескерте кететін жайт, олардың ешқайсысы мемлекеттік мекемеде жұмыс істемейді. Қазір менің ешқандай бизнеске қатысым жоқ», - деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.  

Қала әкімі қазір Тараздағы «Атриум», «Тойқазан», «Чао какао» мейрамханалары мен «Тараз – көлік жолы» ЖШС-ға иелік етпейтінін айтты.

Орынбековтің айтуынша, отбасының ірі қалаларда бизнесі бар.

«Атриум», «Тойқазан», «Чао какао» мейрамханалары менің отбасымдағы адамдарға тиесілі, компания да отбасы мүшелеріне тиесілі. Сонымен қатар отбасымызға тиесілі Астанада, Алматыда, Таразда мүлік бар. Менің жақындарым –  адал бизнесмендер, – деді қала әкімі.

Ол сондай-ақ Таразды дамытуда жарнамаға емес, жүйелі жұмысқа басымдық беретінін айтты.

Айта кетейік, 5 қыркүйекте Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды.

БАҚЫТЖАН ОРЫНБЕКОВ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Бақытжан Орынбеков 1971 жылы туған. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» және «тау-кен ісі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы бастаған.

Әр жылдары жеке кәсіпорындарда директор орынбасары, бас директор болды. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс басқармаларының басшысы қызметін атқарған.

2016-2017 жылдары Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» ШЖҚ РМК-ның бас директорының орынбасары болған.

2017-2018 жылдары Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары болды.

2018-2021 жылдары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен өндіру компаниясы» АҚ-да департамент директоры, басқарушы директор – жобалық кеңсесінің басшысы, жобаларды басқару жөніндегі бас директор – басқарма мүшесі қызметтерін атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама