Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттікпен қалай күресетінін түсіндірді
Енді сарбаздарға алыстағы жақындарымен еркін сөйлесуге жағдай жасалады
Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттік пен сарбаз өлімін болдырмау үшін «Өміріңді сақта» атты жаңа бағдарламаны таныстырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Іс-шараға ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Борамбаев, Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, полковник Төлеужан Жүнісов, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Қайрат Үмбетов қатысты.
Министрлік өкілдері журналистерге әскери қызметшілер арасында болатын қайғылы оқиғаның негізгі себебін түсіндіріп, жаңа бағдарлама қандай мәселелерді шешуге септігін тигізетінін түсіндірді.
Бағдарламаның мазмұны тәжірибеде қолдануға барынша ыңғайлы... Қазіргі әскер – ашық әлеуметтік институт. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстанамыз, – деді генерал-майор Серік Борамбаев Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол құқықтық және әскери тәртіпті сақтау, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау, сарбаздардың аналарымен өзара байланысты жетілдіру үшін жұмыстың жаңа тәсілдері енгізілетінін атап өтті.
Әскерде заманауи байланыс құралдарын пайдаланып, мерзімді қызметтегі сарбаздардың туыстары және жақындарымен байланыс жасау мүмкіндігін арттыру үшін шаралар қабылданады.
Біз «Өміріңді сақта» бағдарламасы бойынша жұмыстың 5 негізгі бағытын айқындадық. Мерзімді қызметкерлер арасындағы мәселелерді шешу үшін ата-аналармен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді полковник Төлеужан Жүнісов.
Жаңа құжат Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері, Мемлекеттік күзет қызметі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығымен бекітілді.
2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасы 3 кезеңде жүзеге асырылады. Оның нәтижесі 2026 жылғы қаңтарда Қорғаныс министрлігінің бірлескен алқа отырысында шығарылады.
Айта кетейік, осыған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскердегі суицид мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.