Маңғыстау облысының әкімі үндеу жасады
Соңғы күндері Жаңаөзен қаласындағы бірнеше кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Жұмысшылардың бір бөлігі жұмыс берушілерге жалақыны көтеру мәселесін қойып отыр. Қазір осы мәселе бойынша Жаңаөзен қаласында «Қазмұнайгаз» компаниясының басшысы Алик Айдарбаев жұмыс істеп жатыр. Ол еңбек ұжымдарымен кездесіп, қалыптасқан жағдайды және оларды шешу жөніндегі қолға алынып жатқан шараларды түсіндіруде.
Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласында жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша осымен екінші апта қатарынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев бастаған арнайы комиссия жұмыс жүргізіп жатыр.
«Мен барлығын жақсы түсінемін. Проблемалар бар. Оларды шешу үшін біз барлық мүдделі тараптармен жүйелі түрде жұмыс істеуіміз керек. Қанша қаласақ та өңірдің барлық тұрғындарын бір мезетте мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Бірақ біз шағын және орта бизнес кәсіпорындарында, басқа да мемлекеттік және басқа кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасын әртараптандыруға тиіспіз. Халықтың және елдің амандығы үшін баршаңызды сабыр сақтауға және түсіністік танытуға шақырамын. Көтерілген мәселелер шешіледі. Бірақ бірден емес. Ол үшін уақыт қажет», - деді облыс басшысы.
Әкімнің айтуынша, қысқа мерзімде «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы Жаңаөзен қаласының 150 жұмыссыз азаматын жұмысқа орналастыру керек. Тағы 150 тұрғынды сервистік мекемелерге жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласындағы шағын және орта бизнес субъектілері қосымша тағы 50 жаңа жұмыс орнын ашады. Осылайша, арнайы әзірленген алгоритм негізінде Жаңаөзен қаласының жұмыссыз азаматтары кезек-кезегімен жұмысқа орналастырмақ.