Медицина қызметкерлерінің үстінен жылына 300-ге жуық іс қозғалады – Ажар Ғиният
Қылмыстық істер көбінесе хирургиялық бейіндегі мамандарға қатысты жүргізіледі
Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 300-ге жуық іс қозғалады. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу үшін 2018-2020 жылдары жеке әрі заңды тұлғалардан келіп түскен және қаралған өтініштерге, сондай-ақ 2017-2020 жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерге талдау жүргізілген.
Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша шамамен 300-ге жуық іс қозғалады, - деді Ажар Ғиният.
Сонымен бірге ол қылмыстық істер көбінесе хирургиялық бейіндегі мамандарға қатысты болып тұрғанын жеткізді. Себебі бұл бағытта өлім-жітім тәуекелі жоғары.
Зардап шеккендердің пайдасына моральдық және материалдық залал өтемақысын төлеудің жалпы сомасы жылына 40 миллион теңгеден асады екен. Сақтандыру төлемдері соттың шешімі бойынша сақтандыру полисі болған кезде жүзеге асырылады. Қылмыстық жауаптылық танылған жағдайда төленбейді, - деді министр.
Оның айтуынша, осындай жағдай болған кезде медицина қызметкері жалақысының деңгейі науқастың денсаулығына келтірілген зиянды өз бетінше өтеуге мүмкіндік бермейді екен.