Ол ұлттық спорт түрлерімен 2019 жылдан бері айналысады
Әлемдегі ең ұзақ бәйге – «Ұлы дала жорығы» марафонына қатысушылардың бірі Алматы облысынан келген шабандоз Әлия Бикен. Бүгін ол астана іргесіндегі Қаражалдан Қорғалжынға дейінгі алғашқы 100 шақырым межені ойдағыдай жүріп өтті.
Осы орайда, Halyq Uni Әлиядан үлкен жарыстың алғашқы қиындықтары мен қызықтары туралы сұрап көрді.
Әлия Бикен – IT саласында жеке кәсіпкер, өзінің жеке компаниясы бар. Сонымен бірге құрылыс саласында да инженерлік жобалармен айналысады. Өзінің айтуынша, ұлттық спорт түрлерімен 2019 жылдан бері айналысады.
«2019 жылдан бері садақ ату өнерін меңгеріп келемін. Кәсіби мергенші деп айтуға болады. Халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болғанмын», – деген Әлия Бикен ер-азаматтарға телінетін аламан бәйгеге қатысу қиын емес пе деген сауалымызға былай деп жауап берді.
Бәйгеге дейін күніне 50 шақырымды атпен жүріп өту – мен үшін әдеттегі жаттығулардың бірі болып келді. Сондықтан бұл сапар да маған қиындық туғызады деп ойламаймын. Ең бастысы адамның ерік-жігері мен құлшынысы болса, сондай-ақ атының бабы келісіп тұрса еңсермейтін кедергі жоқ, – дейді ол.
Әлия өзі сияқты шабандоз болғысы келетін қыздарға былай деп кеңес айтады.
«Шабандоз қыздарға батыл болыңдар дегім келеді. Өйткені күні кешеге дейін біздің ақ жаулықты аналарымыз бен қыздарымыз аттың үстінен түсіп көрген жоқ. Ел биледі, Отанды да қорғады. Сол кісілер бізге айқын үлгі болады деп санаймын. Ал бүгінгі шараның басты құндылығы – алғаш рет өтіп отыруымен ерекшеленеді. Өйткені осыған дейін мұндай ұзақ қашықтықта бәйге болған емес. Ұлттық өнерімізді ұлықтау арқылы келер ұрпақтың бойынша шыдам, қайсар, төзім деген мықты қасиеттерді тоғыстырар едік», – дейді.
Ал дәл осындай аламан бәйгеге қатысу қыздарға қаншалықты қиындық тудырады деген пікірге берер жауабы мынадай:
Дәл осы бәйгеге шабандоз болып қатысатынымды айтып, көптеген басшылардың алдына бардым. Бірақ көбі менің сөзіме сенбей, қиын болады деп басу айтқысы келгендер де табылды. Алайда әйел адам өзін дәлелдей алса бағындырмайтын белес жоқ деген ойдамын, – дейді Әлия Бикен.
18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордададан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса межені басып өтеді. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әр облысынан марафонға 19 команда қатысып, бақ сынап жатыр.
Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін бірінші болып жеткен команда мұшелері – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 млн теңге көлеміндегі жүдлемен марапатталады.
Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 20 млн теңге және 15 млн теңге жүлдені қанжығаға байламақ.