СҚО-да апаттық жағдайдағы мектепте 72 оқушы білім алып жүр
Мектепте соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 19 жыл бұрын жүргізілген
Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданына қарасты Кіші Қараой ауылындағы мектеп апаттық жағдайда болса да, мекемеде 72 оқушы білім алып жүр.
Күн жылынса төбесінен су сорғалайды. Қабырғалары қаусап, әбден көгеріп кеткен. Әбден шіріген еденінің үсітімен жүрудің өзі қорқынышты. Себебі опырылып кетуі ықтимал.
Мектепте соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 19 жыл бұрын жүргізілген. Жылда тек іші сырланып, жамалады. Спорт залы да оқушылар үшін қауіпті. Сондықтан дене шынықтыру сабағы күн суықта мектеп дәлізінде, кейде басқа кабинеттерде өтеді.
«Шатырын жылда өз күшімізбен жөндейміз. Бірақ нәтиже болмай тұр. Қазір спорт залы, акт залы, өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің кабинеті бүлінді. Өйткені төбесінен тоқтамай су сорғалайды. Жылда 180-200 мың теңге көлемінде ағымдағы жұмыстарға қаржы бөлінеді. Күрделі жөндеуге өтініш береміз. Қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр. Былтыр демеушінің көмегімен екі жарым миллион теңгеге жобалық сметалық құжат дайындалды. Ол сараптамадан да өтті», - дейді мектеп директоры Дамыш Исина.
Кіші Қараой ауылы облыс орталығы Петропавл қаласынан 300 шақырымдай жерде, яғни Ресеймен шекарада орналасқан. Тәуелсіздік алған жылдары бұл елдімекеннің халқы 1500-ден асыпты. Ал қазір ол 3,5 есеге дейін азайып кеткен. Ауылдағы жалғыз әлеуметтік нысан - осы мектеп. Үш қабаттан тұратын білім ұясы 1978 жылы халық игілігіне берілген. 440 балаға деп салынған ғимарттың біраз бөлігі қазір қаңырап бос тұр. Аталған проблемадан облыстық білім басқармасындағылар да хабардар. Ведомство басшысы мектеп биыл жөнделеді деп сендірді.
«Аталған мектептің төбесінде екі түрлі жабынды бар, оның бір жағы жаңбыр суын өткізеді. Мектепті қайта қалпына келтіру үшін шамамен - 250 миллион теңгедей қаражат қажет. Ақша қалай бөлінеді, шарулар бірден басталды. Тек шатыры ғана емес, сәтін салса білім ордасы толықтай жаңаланады. Қазір облыста 39 білім ошағының шатырын ауыстыру қажет. Олардың барлығы ауылдық жерлерде орналасқанын айта кету қажет. Сондықтан бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу жоспарымыз бар», - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 461 мектеп бар. Соңғы үш жылда оның 302-і күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа – 13,7 миллард теңге қаржы жұмсалған. Биыл тағы 25 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіледі.