«Бас терісінің бір бөлігін сыдырып...». Атырауда 7 жасар балаға алабай шабуылдаған
Ит қазір Томарлыдағы бұралқы иттерді аулаумен айналысатын «AV Constructing» ЖШС-нің арнайы питомнигіне қамалған
Әлеуметтік желіде қала іргесіндегі Томарлы ауылында 7 жасар балаға алабай тұқымды ит шабуыл жасап, бас терісінің бір бөлігін сыдырып, жарақаттағаны туралы ақпарат пайда болды деп хабарлады жергілікті «Ақжайық» басылымы.
Атырау облысының полиция департаменті бұл ақпаратты растады. 10 қыркүйекте кешкі сағат 9-да жедел жәрдем облыстық балалар ауруханасына ит қауып алған 7 жасар ұлымен Томарлы ауылының 27 жастағы тұрғынын жеткізген.
Тексеру кезінде әйел ұлын көшеде ойнап жүргенде қаңғыбас иттің қауып алғанын айтты. Оқиға болған жерден учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция қызметкерлері әкімдікке хабар беріп, ветеринариялық қызмет тобын шақырды, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басынан ашық жарақат алған баланың травматология бөлімінде емделіп жатқанын хабарлады. Басындағы барлық ашық жара тігілген. Ертең ауруханадан шығарылады екен.
Ауыл Қайыршақты ауылдық округіне қарайды. Сол округ әкімі Шапхат Қалиевтің айтуынша, қазір балаға шабуыл жасаған ит Томарлыдағы бұралқы иттерді аулаумен айналысатын «AV Constructing» ЖШС-нің арнайы питомнигіне қамалған. Сондай-ақ әкім қазір ауылда бұралқы иттердің көп екенін, тұрғындардан олардың адамға шабатыны туралы арыз-шағым да жиі түсетінін айтып отыр.
Ал «AV Construction» ЖШС атқарушы директоры Азамат Наргеевтің айтуынша, шілде айында компания тендер ұтып алып, Қайыршақты ауылдық округінің әкімдігімен 8 млн 25 мың теңгеге келісімшартқа отырған. Шілде айынан бүгінге дейін Қайыршақты ауылдық округінен (бұл Жұлдыз, Көктем ықшамаудандары, Томарлы, Бесікті, Талғайран ауылдары) 141 ит ауланған. Келісімшарт 31 желтоқсанға дейін қолданыста.
«Оқиғадан кейін сол алабайды тауып, ұстадық. Иесі табылмады. Алабай қазір Оңтүстік Промзонадағы біздің базада. Ұсталған иттерді сонда апарып, 3-5 күн ұстаймыз. Оларды ветеринарлар тексереді. Ұрықсыздандырғаннан кейін босатып жібереміз», - дейді Азамат Нарегеев.