Үйлердің қабырғасы қақырап, тұрғындар гүрсілдеген дауыстан әбден шаршапты
Жамбыл облысының тұрғындары гүрсілдеген жарылыстан мезі болған. Өйткені оқ-дәрі жоятын полигон елді мекендерге тым жақын орналасқан. Соның кесірінен үйлердің қабырғасы қақырап, тұрғындар гүрсілдеген дауыстан әбден шаршапты деп хабарлады КТК телеарнасы.
Себебі қазір Байзақтағы оқыс жағдай болған әскери қоймадағы қару қалдықтарын жою әлі жалғасып жатыр. Дыбыс аптасына 5 күн, күніне екі мәрте естіледі екен. Бірнеше ауыл тұрғындары жарылыстың жаңғырығы қатты сезілетінін айтады.
Тұрғындар енді оқ-дәрлерді залалсыздандыратын жерді ауыстыруды немесе бұл шараны түбегейлі тоқтатуды талап етіп отыр. Ал әскерилер олардан жағдайды түсініп, 2,5 ай шыдай тұруды сұрайды. Олардың айтуынша, тұрғындар шағымы ескеріліп, жарылыс аптасына екі мәртеге қысқартылған.
Ал жергілікті әкімдік халық тарапынан ресми түрде шағым түспегенін алға тартып, қираған, бүлінген баспананың жоқтығын да жеткізді.
«Үйлерді аралап, қарап отырмыз. Қандай зиян тиюі мүмкін деген сияқты. Әзірге нақты мәлімет түскен жоқ. Тұрғын үй немесе басқа да құрылыс нысандарының бүлінгеніне қатысты нақты дәлелі жоқ», - дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Талғат Жамалов.