Ақтауда күзетшіні ұрды деп айыпталған әкімнің денсаулығы нашарлап қалыпты
Оның орнына «өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен бірнеше ай бойы тергеуде болған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары келді
Маңғыстау облысында күзетшіні ұрды деп айыпталған аудан әкімі ақыры жұмыстан шығып тынды. Бірақ жергілікті әкімдіктің хабарламасында Тілек Көшмағанбетов төбелес үшін емес, денсаулығына байланысты өз еркімен арыз жазды деп көрсетілген.
Қазір Ақтаудағы элита үйлердің автотұрағында түсірілген видеоға қатысты тексеріс әлі жүріп жатыр. Одан Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетовке ұқсайтын біреудің күзетшіге қол жұмсап жүргенін байқауға болады.
Ал Көшмағанбетовтің орнына жайғасқан Ғалымжан Ниязов – бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сол кезде ол автогаздың қымбаттауына қатысты «өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен бірнеше ай бойы тергеуде болған еді. Қазір толық ақталып, аудан әкімдігін басқаруға кірісіп кетті.