Жамбыл облысында 1-қыркүйекте ашылған мектепте бүгінде бірде-бір оқушы жоқ
Санда бар, санатта жоқ мектеп бала қабылдауға қауқарсыз
Жамбыл облысының шенділері 1-қыркүйекте «жалған» мектептің ашылу рәсімін өткізген. Білім күні өзге мектептің оқушылары мен мұғалімдері шақыртылып, мектептің лентасы қиылған. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
2025 жылға дейін мың мектеп салу жоспары науқанға айналғандай. Жолдауда айтылған Президент тапсырмасын орындағандай кейіп танытқан кей өңірлерде білім ұялары тек көз бояушылықпен ашылған.
Мәселен, Жамбыл облысында бірінші қыркүйек күні салтанатты түрде лентасы қиылған мектепте бүгінде бір де бір оқушы жоқ. Өйткені санда бар да, санатта жоқ мектеп бала қабылдауға қауқарсыз.
Шары ілініп, шатырлар қойылып білім күніне әсем безендірілген мектеп лентасы 1-қыркүйекте қиылды. Ашылу салтанатына келген меймандар төрінде облыстық мәслихат хатшысы, қала әкімі, білім басқармасының басшылары болған. Сөз алғандар бұл қуаныш Президент жолдауында айтылған жоспардың жемісі екенін жеткізіп жатты.
Оқу ұясы биыл ғана бой көтерген. Келген меймандар тебірене сөйлеп оқушыларды ынталы болуға, оқығанды көңілге тоқуға әдемі сөзбен әспеттеп жеткізіп жатты.
Осы мектепті аралап шықтым. Керемет мектеп 600 орындық. 4 компьютерлік класы бар. Шеберханасы бар. Спорт залы бар. Кітапханасы бар. Балаларға барлық жағдай жасалған, - деді Жамбыл облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков.
Бірақ мектеп мақтауын келістірген мәслихат хатшысы біраз шындықты бүгіп қалыпты. Шын мәнісінде оқу ұясы бала қабылдауға қауқарсыз. Ал мұндағы жиын әдімі қойылым екен. Тек көріністі әртістер емес өзге мектептің оқушылары мен мұғалімдері шебер сомдап шыққан. Бүгінде мұнда бірде бір бала қабылданбаған. Тіпті оқу ұясы білім басқармасының қарамағына өтпеген. Жақын тұрған нөмірі 50-мектептің мұғалімдері мен оқушылары шақыртылған. Бұл мәселені мектеп директоры түсіндіріп бере алмады.
Неге 61-мектепте балалар оқып жатыр дейді. Бірінші қыркүйекте ашылды. Әзірге мұғалімдердің конкурсы болғанша. ойбай оны айтуға я же не умею право. Қазір мен бір минут сөйлесіп алайыншы. Ойымды жинақтап алайын, - деді Тараз қаласы №50 орта мектеп директоры Қарлығаш Қасымбаева.
Қарамағындағы мұғалімдердің басқа мектепке неге барғанын түсіндіруге тырысқан директор не айтарын білмеді. Камера алдына шығу үшін қалыпқа келіп алайын деп сыртқа шығып, тілшілермен тығылыспақ ойнап кетті. Ал балаларымыз жақын жердегі жаңа мектепке барады деген Қайнар алқабының тұрғындары бұл алдамшы қойылымға алданып қалғандарын айтады.
Бұл жерде жауапкершілік жоқ. Ашуын ашып алып, халықты алдау шығар. Басқа не енді бұл. Осы дачаға ашылған екен мектеп. Бірақ ашылды дегенімен толықтай бармаса не енді бұл?, - дейді ата-ана Әсел Игілікова.
Қазір бұл мектеп су, жарық жүйесіне қосылмаған. Тіпті қабылданып алынбаған. Бірақ жергілікті биліктің бітпеген мектепті неге бұрын сүйіншілеп ашқаны түсініксіз. Өтірігі ашылғанға беті қызарды ма, білім басқармасынан ешкім жауап бере алмады. Әкімдік те ат тонын ала қашты. Ал тұрғындар жергілікті биліктің бұл әрекетін жоғары жаққа жағыну үшін жасаған жағдайы ма дейді. Қалай болғанда да, жамбылдық атқамінерлер осылайша көзбояушылық жасаған.