«Төрт сағаттан артық теледидар көру қауіпті: Дәрігер Альцгеймер ауруын тудыратын белгілерді атады

Айнұр Шошаева

Деменцияға ерлерден гөрі әйелдер жиі ұшырайды

Сурет: ашық дереккөзден

Бейресми статистикаға сәйкес, елімізде 150 мыңнан астам адам Альцгеймер дертіне шалдыққан, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Белгілі қазақстандық психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасованың айтуынша, деменцияның туындауына екі фактор әсер етеді. Бірінші – өзгермейтін қауіп факторына адамның жынысы, жасы мен генетикасы жатады. 

«Деменция ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Деменциямен ауыратындардың 90%-ның жасы 65-тен асқан. Адамның жасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым қауіп жоғары болады. 100 жасқа қарай Альцгеймер қаупі 99% құрайды деп саналады. Альцгеймер гені аполипопротеин деп аталады (AROE4), оның ағзада болуы басқа қауіп факторларында мидың қартаюын тездетуі мүмкін. Бірақ адам өзінің денсаулығын қадағаласа, тіпті нашар генетикамен де ұзақ және жақсы есте-сақтау қабілетімен өмір сүре алады», – деді ол. 

Сонымен бірге, дәрігер деменция қаупін тудыратын екінші өзгеретін факторлар туралы түсіндіріп берді. Ол көбіне адамның өмір салты мен созылмалы ауруларына қатысты. 

Бүгінде ауру тудыратын бірнеше фактор белгілі. Бірақ себептердің ешқайсысы абсолютті емес, көбіне бұл бірнеше қолайсыз факторлардың жиынтығы, – деп қосты дәрігер. 

Оның айтуынша, бірінші кезекте артериялық гипертониядан сақтану керек. Себебі адамның қалыпты қысым жасына қарамастан 110/70-120/80 болуы керек. Ал қан қысымның жоғарылауы деменция қаупін 40% арттырады. 

«Егер қан қысымы үнемі 130/90 болса, онда тәуекел 40%, егер  140/90 қысыммен жүгірсеңіз, онда қауіп қазірдің өзінде 80% білдіреді. Ал егер адамның әдеттегі қысымы 150 және одан жоғары болса және ол сезінсе, онда алдағы жылдары есте сақтау қабілеті қарқынды түрде төмендей бастайды, сонымен қатар инфаркт немесе инсульт қаупі көбейе түседі. Жалпы, инсульт деменцияның даму қаупінің 35% құрайды. Өйткені жоғары қысым ми тамырларын тарылтады», – дейді Жібек Жолдасова. 

Бұған қоса, мидың ерте қартаюына қант сусамыры, депрессия, темекі шегу, алкоголь өнімдерін жиі пайдалану, аз қимылдау да әсерін тигізеді деп отыр. Сондай-ақ есту қабілетінің нашарлауы, артық салмақ, бас жарақатын алу, сауатының төмендігі мен әлеуметтік оқшаулану да деменцияға әкелетін негізгі факторлардың бірі саналады. 

«Ұмытшақтық, алаңдаушылық, сөз таңдау кезіндегі қиындық  бәрімізде болады.  Алайда бұл белгілер жиі тіпті, күн сайын байқалса, дереу дәрігерге барып тексерілу қажет. Қазіргі болып жатқан оқиғаларды есте сақтау қабілетінің төмендеуі  Альцгеймер ауруына тән немесе оны амнезия деп те атайды. Мұны «Рибо заңы» деп атайды. Мәселен науқас алдымен кеше, бір апта бұрын, не болғанын ұмытып кетеді. Немесе қарт адам бір нәрсені айтып бастап, басқа нәрсеге көшіп кетеді. Көптеген айналадағы туыстар мұны норма деп санайды, өйткені олардың ата-анасы 20-30-50 жыл бұрын не болғанын жақсы біледі», – деп толықтырды психотерапевт.

Сонымен бірге, дәрігер бұл дерт көбінесе 60 жастан асқаннан кейін асқынатынын айтады. Деменцияның алдын алу үшін үнемі миды жұмыс істетуге тырысу қажет деп есептейді. 

Зейнетке шыққан көптеген адамдар үшін теледидар көру – сериялар, ток-шоуларды сағаттап тамашалау әдеттегі демалыс болып табылады. Бірақ олар деменцияның дамуына әкелетін зиянды қатер саналады. Егер қарт адам теледидарда күніне 4 сағат немесе одан да көп уақыт өткізсе, онда деменция компьютерде немесе телефонда ойнаған адамға қарағанда бірнеше жыл бұрын пайда болады. Өйткені теледидар көру миды өшіреді, мұндай сәттерде ми ең төменгі жылдамдықта жұмыс істейді, сондықтан кейбір қарт адамдар тіпті теледидар алдында ұйықтап қалады. Компьютерде немесе басқа гаджетте ойнау мидың жұмысын белсенді етеді» – деп қосты Жібек Жолдасова. 

Жалпы, оның пікірінше теледидар көруден тек мидың жұмысы ғана емес, бүкіл қан айналымы жүйесі зардап шегеді, инфаркт пен инсульт қаупі артады. Сондықтан психотерапевт Альцгеймердің алдын алу үшін жиі серуендеп, көп қозғалыс жасауға кеңес береді. Мәселен, таза ауада серуендеу, қонаққа бару, бүкіл отбасы үшін кешкі ас дайындау, кесте тігу немесе отбасы мүшелерімен дойбы-шахмат ойнап, мидың жұмысын жандандырып отыру деменцияның алдын алудың таптырмас әдісі болып саналады.