Тұрақ мәселесінде делдал болмайды – Досаев

Динара Амантай

Бірыңғай оператордан түскен барлық кіріс жергілікті бюджетке түседі

Фото: Halyq Uni

Алматы қаалсының базарларындағы тұрақтардан түсетін қаржы жергілікті бюджетке түсіп, бұл істе ешқандай делдалдар болмайды. Бұл туралы қала басшысы Ерболат Досаев кәсіпкерлермен кездесі барысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін қала әкімінің кәсіпкерлермен кездесуінде базарларға іргелес жатқан қалалық автотұрақтар мәселесі қозғалды. Бизнесмендерді базарларда тұрақтар делдалдарға беріле ме және жеке меншік иелері бірыңғай оператордан несімен ерекшеленетіні қызықтырды.

Ерболат Досаевтың айтуынша, әкімдік «Alan Parking» ЖШС мен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС активтерін коммуналдық меншікке алған. Қазір бұл 100% коммуналдық кәсіпорын. Бірыңғай оператордан түскен барлық кіріс жергілікті бюджетке түседі және ешқандай делдал болмайды.

Ақылы тұрақтардан түсетін табыс қала тұрғындарының әлеуметтік қажеттілігіне жұмсалады. Жаңа құбырлар, инженерлік желілер, мектептер мен емханалар жергілікті бюджет есебінен салынады. Әлеуметтік қажеттілік үшін қаладағы әрбір тиын есепке алынады, – деді қала әкімі.

Мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратынша, былтыр 56 базар қала бюджетіне 1,8 млрд теңге, ал биылғы жылдың 8 айында 2 млрд теңге төлеген. Қаладағы 56 базардың айналымы шаһардың 2 жылдық бюджетіне тең, бұл шамамен 2 трлн теңге.