Жаңа пәтерлерге ыстық су жоқ. Тұрғындар қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр
Петропавлда тұрғындарға құрылысы толық аяқталмаған үйлер беріліп жатыр. Енді олар қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Себебі нысан жылу желісі мен ыстық суға қосылмаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бес қабатты коммерциялық үй Уәлиханов көшесінде орналасқан. Жоспар бойынша ол былтыр халық игілігіне берілуі тиіс еді. Дегенмен мердігер компания құрылысты әлі күнге дейін аяқтамаған.
«2020 жылы пәтер құнының 30%-ын төледім. Былтыр үйдің құжаттары дайын болған кезде толық сатып алдым. Биыл жөндеу жұмыстарын істеп, отбасымызбен қоныстандық. Бірақ мұнда тұра алмайсың. Ыстық су жоқ. «Петропавл жылу желілері» ЖШС-дан жылуға қосылу үшін әлі күнге рұқсат алынбаған. Үй тұрғызған компанияның басшысы ол құжат әне-міне дайын болады деп құрғақ уәдемен бізді сендіріп келеді. Үйдің арты қоқысқа толы. Көршілерімізбен жиналып, оны сыртқа шығарып жатырмыз. Әкімдіктегілер көмектесеміз дегендей болды, бірақ әзірге ештеңе жоқ. Күз келді. Түнде салқын болады», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Серік Жампейісов.
Айтуынша, тұрғындар жаппай электр құрылғыларын сатып алып жатыр.
ШЫҒЫНДЫ КІМ ТӨЛЕЙДІ?
Көпқабатты үйге тұрғындар жарты жыл бұрын ғана қоныстана бастаған. Ыстық су мен жылу мәселесінен бөлек, ауласы да абаттандырылмаған. Пәтерлердің балконы да ретке келтірілмеген. Балаларға арналған алаң да жоқ.
«Пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Аз ақша кеткен жоқ. Ертең жылу сол күйі берілмесе, қабырғалары сыз тартып бүлінеді ғой. Сол кезде шығынды кім өтейді? Құжат бойынша балкон жабық болуы керек. Ол да жөнделмеген. Оның әлі терезелері де орнатылмады. Соның кесірінен отбасым жаңа баспанаға көше алмай отыр. Кішкентай баламыз бар. Ыстық су, жылу болмаса ертең ауырып қалады деп алаңдаймыз», - дейді қала тұрғыны Томирис Нұрғалиева.
Мердігер компания құжаттарды рәсімдеп, пәтердің барлығын сатқан. Бірақ уәдесін сол күйі орындай алмай отыр. Енді олар қыркүйектің аяғына дейін мәселені шешуге уәде берді.
«Бұл үйге ыстық су жылумен бірге беріледі. Қазір құжаттар дайын болмай жатыр. Осыған дейін «Петропавл жылу желілері» ЖШС-ға жіберген материалдарға ескерту жасалып, кері қайтарып жіберді. Сондықтан жобаға түзетулер енгіздік. Ұзындығы 40 метр құбырдың диаметрі талапқа сай болмады. Сәтін салса, осы айдың соңына дейін бұл шаруаны атқарамыз», - дейді құрылыс компаниясының директоры Әміржан Шәкей.
Жалпы облыс орталығында қазір ыстық сусыз отырған тағы бірнеше үй бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспаналар 2 жыл бұрын әкімдікте пәтер кезегінде тұрған азаматтарға берілген. Қазір оларда 200-ге тарта отбасы тұрып жатыр.
«Жас өркен» ауданында салынған үйлерге инженерлік желілер толық тартылған. Техникалық жұмыстың барлығы 100% атқарылды. Ендігі кезекте тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігін құрып, өздері «СевКазЭнерго» компаниясына барып өтініш жазуы қажет. Артынша әр пәтерге шот ашылады. Содан кейін ғана ыстық су беріледі. Ал әкімдік тарапынан барлық жұмыс толық аяқталған», - деп мәлімдеді Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.