Halyq Uni логотип
×

«Заңгерлер бірігеміз!»: Қазақстанда жаңа тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы пайда болды

Қазір тәуелсіз бақылаушылар альянсына 20-ға жуық заңгер қосылды

 Халық үні 16.09.2022 | 15:37
«Заңгерлер бірігеміз!»: Қазақстанда жаңа тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы пайда болды
Фото: Halyq Uni

Қазақстанның жас адвокаттары мен заңгерлері «Әділ сайлау 2022» альянсын құратынын мәлімдеді. Қозғалыс алдағы президент сайлауына тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni

Қазақстанның бес өңірінен келген заңгерлер бүгін елордада баспасөз мәслихатын өткізіп, жаңадан тәуелсіз бақылаушылар альянсы құрылып жатқаннын хабарлады. Аталған қозғалыс республикалық адвокаттар алқасы, Қазақстан заңгерлер одағы мен республикалық нотариалдық палатаның мүшелерінен құрылған. 

«Біз  еліміздегі барлық құқықтық нормативтік актілерді жетік білетін, салада үнемі жұмыс істеп жүрген заңгерлер тәуелсіз бақылаушылар қозғалысын құрып, неге белсенділік танытпаймыз деп талқылап келдік. Қоғамда сайлаудың ашық әрі әділ өткізілуі туралы жиі айтылып жатады. Мәселен, біз адвокаттар сайлауға келіп тек таңдау жасап кетеміз. Алайда біз бақылаушы ретінде қатысып, тек сайлау күні ғана емес, оған дейін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатыса аламыз. Бастапқыда әріптестерімізбен өзара талқылап отырып, бұл жұмысты тек астана ғана емес, еліміздің барлық өңірінде жүргізу туралы шешімге келдік», – деді Атырау облыстық адвокаттар коллегиясының өкілі Юлия Маликова. 

Заңгерлердің айтуынша, қазір тәуелсіз бақылаушылары альянсына 20-ға жуық заңгер қосылды. Алдағы екі айда қатары толығады деп үміттеніп отыр. 

Сонымен бірге альянс мүшелері бұған дейін Қазақстанда өткен сайлауларға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыспағандарын айтады. 

«Сайлауға дейін екі айдай уақыт бар. Осы аралықта отандастырымызға Альянстың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы ақпаратты жеткізуге тырысамыз. Біз еліміздің жас заңгерлері бірігіп, Қазақстанда әділ әрі ашық сайлау өткізуге бірге қатысуға шақырамыз», – деді елордалық адвокаттар коллегиясының мүшесі Ерлан Мәкенов. 

Жас альянс бастапқы кезеңде еліміздің барлық өңірінде жауапты адамдамды анықтап, жұмыс жоспарын бекітеді. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясымен өзара әрекеттетсік орнатуды көздеп отыр. Екінші кезеңде сайлау алды компанияларда болған заңбұзушылықты анықтап, ОСК-на жолдайды. Бұған қоса, сайлау күні сайлау учаскелерінде орын алған заң бұзушылықтарды тіркеп, дауыс санау есебіне қатыспақ. Сайлаудан соң аналитикалық баяндама жасалып, Альянс жұмысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткіземіз деп отыр. 

«Біз қоғам мен билік арасында диалог орнатуды көздейміз. Яғни, біз жекелеген кандидатты қолдамаймыз, мынаған дауыс бер, тіпті сайлауға бар деп айтпаймыз. Пропагандамен айналыспаймыз. Егер бүгін мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылданса, ол сайлау заңды әрі әділ өтуі тиіс. Халық тек кандитаттарға ғана емес, тұтас сайлау процедурасына да сенуілері керек. ол процедураны адвокаттар мен құқыққорғаушылар қауымдастығынан артық кім ашық ете алады? Біздің мақсатымыз қоғамды біріктіру», – деп қосты Сергей Шигрин. 

Айта кетейік, альянсқа мүше болуды заңгерлер ерікті түрде шешеді және ол үшін ешқандай жарна төлемейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама