Шерушілер Жогорку Кенеш ғимаратының алдына жиналды
Бішкекте қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығысқа байланысты Жогорку Кенеш ғимаратының жанында митинг өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Шеруге шыққандар Баткен ауылдарын атқылауды тоқтатуды талап етіп жатыр. Наразылық акциясына 100-ден аса адам жиналды. Олар қарттар мен балаларды Бішкекке эвакуациялау қажет деген талап қойды.
Еске сала кетсек, сәрсенбі күні қырғыз шекара қызметі Тәжікстанмен шекарада қарулы қақтығыстың болғанын хабарлаған еді. Тәжікстан тарапы өз кезегінде қырғыз шекарашыларын тәжік шекара заставаларын негізсіз атқылады деп айыптады.
Басылымның мәліметінше, бүгін, 16 қыркүйек күні таңертең Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы бірнеше учаскеде атыс басталды. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің хабарлауынша, таңғы сағат 6:00 шамасында тәжік тарапы шекара отрядтары мен қырғыз тарапының позицияларын атқылай бастаған. Кейін тәжік тарапы Лейлек және Баткен облыстарындағы шекара заставалары мен шекаралас ауылдарды минометтен атқылаған. Зардап шеккен 18 адам Баткен облыстық ауруханасына жеткізілді. Қақтығыстар үшінші күн жалғасып жатыр. Бұған дейін 5 адам зардап шеккен, оның үшеуі – бейбіт тұрғындар.