Үтікпен азаптау ісі: талдықорғандық сотта оқиғаның қалай болғанын айтты
Жәбірленуші тарап істің қайта тергелуін сұрады
Талдықорғанда қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған адамдарды азаптады деп айыпталған полицейлерге қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Кезекті сот отырысы 15 қыркүйекте өтті.
Іс бойынша 23 жәбірленуші, 5 күдікті бар: криминалдық полиция басқармасының 3 қызметкері, әкімшілік полиция басқармасының бір инспекторы және арнайы жасақтың бір қызметкері.
Сот отырысында жәбірленуші Дәурен Айтов оқиғаның қалай болғанын айтты.
«Мені ішкі істер департаменті ғимаратының артқы есігінен кіргізді де, 5-қабатқа көтерді. Жоғары көтерілмес бұрын кімде қару бар екенін сұрады. «5-қабатқа барғанда өзіңе қиын болады» деп айтты. Білмейтінімді айттым. Содан кейін жоғары қабатқа көтерілдім. Ол жерде дәлізде адамдарды қаз-қатар жатқызып қойған. Бетперде кигендері бар, қолында қаруы бар. Адамдардың басына секіріп, үстінен жүгіріп жүр. Сол уақытта алдымнан Айдын Кенжебаев (күдікті) пен Диас Рамазанов (күдікті) кездесті. Кенжебаев резинка дубинкамен басымнан 6-7 рет ұрды...», - деді Айтов.
Айтуынша, 6-7 адамды бір кабинетке кіргізген.
Диас Рамазанов деген жігіт қолымды артқа қайырып кісен салды. Жерге жатқызып, басымды аяғымен басып тұрды. Екі аяғымды кімнің басып тұрғанын білмеймін. Айдын Кенжебаев үтікті қыздырып отырды. Содан «дұрыстап ұстап тұрыңдар» деді де, ыстық үтікпен ішімнен басты. 2-3 рет басты. Есімнен танып қалдым. Диас Рамазанов шашымнан ұстап көтерді, Кенжебаев үтіктің буын бетіме басты, - деді Айтов.
Жәбірленуші судьядан өзін азаптаған адамдарды жауапқа тартуды сұрап, істің қайта тергелуін сұрады. Оның бұл сөзін айыпталушы тараптың адвокаттары да қолдады.
Судья Бекмұрат Дүйсенбеков істі қайта тергеуге жіберу-жібермеу мәселесін талқылау үшін алдын ала тыңдау өткізуге шешім қабылдады. Келесі сот отырысы 30 қыркүйекте өтеді.
Айта кетейік, арнайы прокурорлар биыл 7-17 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін ұсталған 23 азаматтың азапталғанын дәлелдеді. Оларды үтік басып қинаған.
Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша 5 полиция қызметкері күдікті деп танылды. Соның ішінде криминалдық полиция басқармасының 3 қызметкері, әкімшілік полиция басқармасының бір инспекторы және арнайы жасақтың бір қызметкері бар екені хабарланды.
4 тамызда қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Бұған дейінгі сот отырысы 10 қыркүйекте өтті. Полиция қызметкерлеріне қатысты 10 қыркүйекте өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Әсем Түсіпова судья Бекмұрат Дүйсенбековтен кепілмен бостандықта жүрген айыпталушыларды қамауға алуды сұрады.
«Біз үшін сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерту маңызды саналады. Сотталушылар адамдар тобымен бірлесіп, қатыгездікпен ауыр қылмыс жасаған. Біз күдіктілердің полиция департаментінің қызметкерлері екенін ұмытпауымыз керек. Сол себепті олар қамауға алынбаса, іске әсер етеді деп санаймыз», - деді адвокат Түсіпова.
Жәбірленуші тарап сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгертуді сұрады. Судья Бекмұрат Дүйсенбеков адвокаттың негіздемесі толық емес екенін айтып, өтінішін қанағаттандырмады.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы