Тұрғын үйді салып жатқан компания мұны құрылысқа дайындық деп атады
Павлодарда заңсыз құрылысқа қатысты дау шықты. Қаланың орталығында 15 қабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр, алайда компанияның құрылыс жүргізуге рұқсаты жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni.
Көршілес орналасқан үйлердің тұрғындары жаңа нысан құрылысы адам өміріне қауіп төндіретінін айтып шағымданды.
Құрылысты «Капитал ПВ» компаниясы жүргізіп жатыр. Қазір құрылысшылар сол аумақты қоршап қойған. Тұрғындардың айтуынша, жаяу өтуге болатын жер де қалдырмаған.
Қазір ғимарат бой көтеретін жерге бетон қада қағып жатыр. Тұрғындар ол көршілес орналасқан үйге әсер етіп жатқанын айтады.
«Қада қағу жұмыстарының жүріп жатқанына бір аптадан асты. Демалыс күндері де істеп жатыр. Күні бойы терезе түбінен гүрс-гүрс бетон қағылып жатыр. Тыныштық жоқ. Құрылыс жұмыстары дәл біздің көп қабатты тұрғын үйдің іргесінде жүріп жатқандықтан, адам шошиды. Қазірдің өзінде үйдің қабырғасында, жертөле қабырға жарылып жатыр. Үйдің қабырғасы түгел жарылып кетуі мүмкін», - дейді жергілікті пәтер иелері кооперативінің төрағасы Ботагөз Исагилова.
Оның айтуынша, тұрғын үйдің айналасында көлік жүретін орын қалмаған. Жедел жәрдем қызметі, өрт сөндірушілер де кіре алмайды.
Бұған дейін құрылыс орнында екі қабатты ескі сауда орталығы болған. Алайда құрылыс нысанының паспортында әлі ескі ғимаратты сүру жұмыстары жүріп жатқаны көрсетілген. Ал жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысының ресми рұқсат қағазы жоқ.
«2022 жылдың шілдесінде Павлодар қалалық әкімдігінің қаулысымен құрылыс жобасы бекітілді. Алайда көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берілген жоқ. Яғни, сәулеттік-жобалақ құжаттары, эскиздік жобасы ресми түрде бекітілген жоқ. Ол құжатсыз құрылысты бастауға болмайды», - дейді Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Шолғынбаев.
«Капитал ПВ» ЖШС өкілдері де пікір білдірді. Олар мұны құрылыс жұмыстары емес, тек дайындық деп атады.
«Қазір жер учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Ал құрылысқа рұқсат алу үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Әзірге бетон қадаларды қағу жұмыстарының 80 пайызын аяқтадық», - дейді компания өкілі Наталья Сурина.
Мамандар қада қағу жұмыстары құрылыстың басталғанын білдіретінін айтады. Павлодар облысының мемлекеттік-сәулет құрылыс басқармасының бас маманы Дархан Омаров заңсыз құрылыс жүргізу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Заңбұзушылық анықталған жағдайда құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, мұның алдында Павлодар қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары құрылыс саласына тексеру жүргізді. Нәтижесінде қала бойынша 49 көп қабатты тұрғын үйдің құжатынан заңбұзушылық анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс компаниялары заң талаптарына бағынғысы келмей отырғанын айтады. Олардың кейбірі баспананы рұқсатсыз салып қана қоймай, мемлекеттің үлескерлік құрылыс бағдарламасы бойынша сатып жатыр.