×

Астана атауын өзгерту: мегаполис тұрғындары құжатын ауыстыруға міндетті ме?

Парламентте Астана атауын өзгерту мәселесі талқыланып жатыр

 Дәурен Ерболат 16.09.2022 | 10:21
фото © Алиакпар Қадырбаев

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астана атауын өзгерту мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жиында Әділет министрі Қанат Мусин «Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Ол құжат 5 бапқа өзгерістер енгізуді және 1 баппен толықтыруды көздейтінін, түзетулер 3 блоктон тұратынын атап өтті.

«Елорда атауын өзгерту мәселесін азаматтар ұзақ уақыт бойы кеңінен талқылауда. Ол кездесулер барысында және референдум кезінде азаматтардың үндеуінде көтерілді. Сондықтан қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді. Елорданың атын өзгерту бойынша бастаманы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы ұсынды. Осылайша, заң жобасы аясында көзделген конституциялық новеллалар Мемлекет басшысының саяси бастамалары мен депутаттардың ұсыныстарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл саяси жүйенің мүлдем жаңа стандарттарын белгілейді», - деді Қанат Мусин.

Одан бөлек, Әділет министрі қала атауы өзгерсе, тұрғындар құжатын ауыстыруға міндетті ме деген сұраққа жауап берді.

Азаматтарға құжаттарды шұғыл түрде ауыстырудың қажеті жоқ. Құжаттарда қаланың бұрынғы атауы жазылса, ол жарамсыз деп саналмайды, – деді әділет министрі Қанат Мусин.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы президент өкілеттігін қысқартуды, Астана атауын қайтаруды, Конституциялық сот судьяларының құзыретін 8 жылға дейін ұзартуды көздейді.

Құжат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қоюына жіберілді.

Айта кетейік, бұған дейін Парламент мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Еділ Жаңбыршин елорданың бұрынғы атын қайтаруды ұсынды.

«Конституциямызға өзгеріс енгізетін болсақ, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол – елорданың атын қайта қайтару. Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және қаланың жаңа атауын халық та қабылдамады. Сондықтан тұңғыш президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру – тарихи әділдік болар еді», - деді Жаңбыршин.

Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама