Облыста үш ауысымда білім беретін 18 мектеп бар
Маңғыстау облысында мыңнан аса оқушы балабақша ғимаратында оқып жатыр. Сондай-ақ облыста үш ауысымда білім беретін 18 мектеп бар, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстың білім басқармасының хабарлауынша, Маңғыстауда 149 мемлекеттік мектеп бар: 145 күндізгі және 4 кешкі мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ 5 арнайы және 30 жекеменшік мектеп бар.
Облыс бойынша 175 368 оқушы мектепке барады.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, өңірде білім беру ұйымдары компьютер құрылғыларымен және интерактивті тақталармен 100% қамтамсыз етілген.
ҮШ АУЫСЫМДА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕР
Сондай-ақ облыста қазір үш ауысымда білім беретін 18 мектеп пен апатты жағдайда тұрған екі мектеп бар.
«Биыл Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданында 1 800 оқушыға арналған 2 мектеп пайдалануға берілді. Бейнеу ауданының Күйкен, Атамекен орта мектептеріне әрқайсысы 312 орынға лайықталған қосымша нысан ашылды», - деп хабарлады басқарма.
Сонымен қатар 4 650 орынға лайықталған 12 жекеменшік мектеп ашылды. Олар Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы және Түпқараған ауданында орналасқан.
«Нәтижесінде үш ауысымда білім берген Бейнеу ауданындағы Күйкен және Абай орта мектептері екі ауысымға көшті. Алайда Ақтау қаласындағы №1 және №17 орта мектептері үш ауысымға көшті», - деп хабарлады Маңғыстау облысының білім басқармасы.
Сондай-ақ өңірде апатты жағдайда тұрған екі мектеп бар.
«Апаттық мектептердің орнына салынатын мектептердің жобалық-сметалық құжатын дайындау үшін құрылыс басқармасына сұраныс жолданды», - делінген ақпаратта.
Қазір Жаңаөзен қаласындағы №16 бастауыш мектептің 1 117 оқушысы бос тұрған балабақша ғимараттарында оқып жатыр.
Бейнеу ауданындағы Сам мектеп-балабақшасы ғимаратында 1-11 сыныптың 118 оқушысы оқып жатыр. Басқарма бұған ата-аналар келісім бергенін, ғимаратта жөндеу, дезинфекция, дезинсекция жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
94 МАМАН ҚАЖЕТ
Қазір облыс бойынша 94 маманның орны бос тұр. Ақтау – 62, Жаңаөзен – 8, Қарақия ауданы – 6, Маңғыстау – 5, Түпқараған ауданына 13 маман қажет.
Математика пәнінен – 24 мұғалім қажет, орыс тілі мен әдебиеті – 1, информатика – 8, тарих – 4, география – 4, бастауыш сынып мұғалімі – 15, химия – 3, физика – 2, биология – 1, психолог – 3, дефектолог – 8, логопед – 10, музыка – 6, кәсіпкерлік негіздері – 1, технология – 1, педагог-ұйымдастырушы – 1, АӘД – 1.
2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істейді. Облыс бойынша 145 мектепте педагог-ассистент штаты қарастырылған. Қазір 87 маман жұмыс істейді. 50 маман қала мектептерінде, 37 маман ауыл мектептерінде қызметін атқарып жүр.