Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында қамалған әлі 71 адам бар
Шымкентте Қаңтар оқиғасына қатысты күдікке ілінген 14 азамат босатылды. Уақытша ұстау изоляторына бір ай бұрын қамалған оларды түрмеден туған-туыстары күтіп алды. Айта кетейік, Шымкентте бұған дейін қамаудағы 8 адам шығарылған еді.
«Аман-есен шыққаныма қуанып тұрмын. Түрмеде қатты қиын болған жоқ. Бірақ, мен ол жерге жазықсыз жатқызылдым. Ештеңеге тимеген едім. Тек видео түсіріп жүрдім. Тергеуге сол жерден әкетті. Үстімнен бір емес, бірнеше бап бойынша іс қозғалған. Қандай екенін де білмеймін және келіспеймін», - дейді бостандыққа шыққан Нұрлыбек Татаев.
Қамауға алынған азаматтар босатылғанымен, бұл олардың үстінен қозғалған іс толқатылды деген сөз емес. Бірі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен, енді бірі үйқамаққа жіберілді. Солардың бірі - Тахир Ишметов. «Митингке қатыспадым» деген ол өзін полицейлер алып кеткенін айтады. Сосын бір ай бойы қамауда болған.
«Мен жай сол жерден өтіп бара жаттым. Видеоға түсірдім. Сосын мені полицейлер әкетті. Тыныш жерге апарамыз деді. Содан бері 24 сағат бойы күзетте, тыныш жерде отырдым. Мұндайды тек кинодан көретінмін. Енді, міне өз өмірімде де болды», дейді қамаудан босатылған Тахир Ишметов.
Шымкенттегі тергеу изоляторына бұған дейін арнайы комиссия өкілдері де келген. Азаптаудың бар-жоғын білуге келген оларға ешқандай арыз-шағым айтылмапты.
Айта кету керек, қамаудан шыққандардың көбісінің ата-анасы бұған дейін прокуратура мен абақты алдында жанайқайын жеткізген еді. Енді Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында қақтығысқа қатысты деген күдікпен 71 адам қалды.