×

«Мені арнайы дайындаған «торпедолар» екі рет өлтірмек болды» - Құлекеев

Шамаң келсе өзің қорғануға тырыс, біз өлтірмесек те басқа біреулер өлтіреді депті

 Еркеғали Болатұлы 15.09.2022 | 16:25
фото: ашық дереккөз

Бұрнығы Сауда және экономика министрі, Білім және ғылым министрі болған Жақсыбек Құлекеев журналист Нартай Аралбайдың Youtube арнасына берген сұхбатында түрмеде болған кезде өзін әлдебіреулердің екі мәрте өлтірмек болғанын еске алды.

Оның айтуынша, заң бойынша әлі тергеуде жатқан адамның бұрын сотталған қауіпті қылмыскермен бірге отыруына болмайды. Бірақ өзін тергеу абақтысына апарған күннен бастап, жанына өте ауыр қылмыс жасаған, ондаған жыл немесе өмір бойы түрмеде отырған адамдарды әкеп отырғызып қойыпты.

«Түрмеде мені өлтіргісі келді, оның бәрі болды. Оларды «торпедо» деп атайды. Маған торпедолар жіберді. Оларды арнайы адамдар дайындап алып келеді.

Олар мені өлтіреміз деп келді. Бірақ менің жаныма келіп, кім екенімді білгеннен кейін бас тартты. Сол мені өлтірем деп келген жігіт: «Жәке, біз саған жіберілген торпедолармыз. Бірақ сенің қаның бізге керек емес», - деді.

Ол 16 жасынан бастап түрмеде жүрген. Соңғы рет тағы да адам өлтіріп, түрмеге түскен екен. 19 жылға сотталған. «Егер осы адамды өлтірсең, соның 4-5 жылын қысқартамыз» деп алып келген адам екен. Ал ол мені өлтіруден өз еркімен бас тартып, шынын айтты. «Шамаң келсе өзің қорғануға тырыс, біз өлтірмесек те басқа біреулер өлтіреді» деді», - дейді Жақсыбек Құлекеев.

Өз пайымдауынша, оны ұйымдастырып жүрген қаржы полициясының сол кездегі қызметкерлері, сосын түрме бастығының майор орынбасары көрінеді. Өйткені оған жоғары жақтағылар «осыны істесең, полковник шенін алып береміз» депті-міс.

«Ондай оқиға оның алдында да болды. Жалпы, екі мәрте өлтірмек болды», -дейді Жақсыбек Құлекеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама