Halyq Uni логотип
×

Маңғыстау облысында тұрғындар суды кезекке тұрып, талонмен алып жүр

Жеке сатушыларда баға 4 мың теңге көлемінде

 Еркеғали Болатұлы 15.09.2022 | 15:39
Маңғыстау облысында тұрғындар суды кезекке тұрып, талонмен алып жүр
фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысындағы Қызылтөбе ауылының тұрғындары талонмен сатып алатын суға күн сайын кезекке тұруға мәжбүр. Елді мекенде құдық атаулы мүлде жоқ деп хабарлады КТК телеарнасы.

Төрт жыл бұрын ауылға су құбыры тартылған. Алайда ол еш кәдеге жарамай тұр.

Су тасушылардан амалсыздан су сатып алып жатырмыз. Бұрын төрт текше метр 2 200 теңге болса, қазір 2 800 теңге. Бұл – талон бойынша бекітілген баға. Жеке сатушыларда баға 4 мың теңге көлемінде. Бір отбасында 15 адам бар, су тез таусылады. Талон бойынша сатып алған су түкке жетпейді, - дейді Қызылтөбе-2 ауылының тұрғыны Сәрсенбай Төребайұлы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, суды жеңілдетілген бағада талонмен сатып алу үшін олар бір апта бойы кезекте тұруы керек.

Қазір үйде су жоқ. Төрт текше метр екі аптаға ғана жетеді. Мен зейнеткермін, жеке саудагерлерден 4-5 мың теңгеге су сатып алуға шамам жоқ. Сондықтан апталап осында кезек күтуге тура келеді, – дейді келесі тұрғын Қалдыбай Көшімов.

Бұл ретте Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қарасай Әбіханов су құбыры өткен жылдың қаңтар айында ғана іске қосылғанын алға тартып отыр.

«Мұнайлы ауданындағы тұрғындарға 35-40 мың текше метр су қажет. 13-15 мың текше метр су жеткізіліп жатыр. Барлығын қамтамасыз ете алмадық. Қазір «Каспий» тұщыту зауытында реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар қарашада аяқталады деп көздеп отырмыз», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама