Ауыл тұрғынын сотқа берген әкімнің өзі айыппұл төлейтін болды
Ол моральдық өтемақы ретінде өзіне 500 мың теңге төлеуді талап еткен еді
Павлодар облысында Григорьевка ауылдық округінің әкімі ауыл тұрғынымен соттасты деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Айта кетсек, ауыл тұрғыны әлеуметтік желілерде әкім Виталий Бруцкийдің досына 18 гектар жер рәсімдегенін жазған. Ал әкім оны жалған ақпарат және ар-намысымды қорлау деп атап, әйелді сотқа берген. Осылайша, ол моральдық өтемақы ретінде өзіне 500 мың теңге төлеуді талап етіпті.
Алайда сот әкімнің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар, оған ауыл тұрғынының өкілді қызметтеріне жұмсаған шығысын төлеуді міндеттеді. Енді міне, Виталий Бруцкий әйелге 250 мың теңге төлеуге мәжбүр болып отыр.
Судья Жанна Машанованың айтуынша, әлеуметтік желілердегі ақпарат шындыққа сәйкес келеді. Сонда да әкім тағы 1 ай ішінде сот шешіміне шағымдана алады.