Ақтауда бетперделі топ 2 жігітті балта, шынжырмен ұрып-соққан (ВИДЕО)
Екі оқиға да Ақтау қаласында әртүрлі уақытта болған
Ақтаулық полицейлер екі азаматқа зорлық-зомбылық көрсеткен күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бетперде киген жастардың балта және өзге де құралдармен екі азаматқа зорлық-зомбылық көрсетіп жатқаны туралы бейнежазбалар тараған болатын. Оған қатысты ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Анықталғандай, екі оқиға да Ақтау қаласында әртүрлі уақытта болған. Полицейлер қазір жәбірленушілер мен үш күдіктіні анықтап, 16 және 21 жастағы күдіктілерді ұстады. Тағы бір күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – делінген полиция қызметкерлерінің хабарламасында.
Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғалардың толық мән-жайы анықталып жатыр.
Қылмыс жасаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.