×

«Назарбаев ренжімейтін шығар». Елорда мәслихатының хатшысы халықтан кешірім сұрауға дайын екенін айтты

Бейресми зерттеуде халықтың Астана атауын қайтаруды қолдайтыны байқалады

 Айнұр Шошаева 15.09.2022 | 12:19
Сурет: ашық дереккөзден

Елордалық мәслихатта Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана қаласы деп өзгеру мәселесін талқылауға арналған қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Ұсыныстар соңғы 2-3 жылдың көлемінде толастаған жоқ. Оны әлеуметтік желілерден, баспасөз беттерінен, тіпті оффлайн форматтағы әртүрлі кезлесулерде өздеріңіз байқап көріп жүрсіздер. Мысалы, биыл жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясына еліміздің елордасының атын Нұр-Сұлтан қаласынан Астана қаласы деп қайта өзгерту жөнінде қала тұрғындарынан ресми 17 ұсыныс түсті», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепов. 

Сонымен бірге ол 14 қыркүйекте қалалық ономастика комиссиясы Нұр-Сұлтан қаласын Астана қаласы деп қайта өзгерту туралы ұсынысты қолдағанын айтты. 

«Елордаға Астана атауы қайтарылуы тиіс. Бұл ретте біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ұмытпауымыз керек», – деді Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманалиев.

Қоғамлдық тыңдауға қатысқан  ономастикалық комиссияның мүшесі Бүркітбай Аяған да бұл ұсынысты қолдап, пікір білдірді. 

Біз тұңғыш Президентке ризамыз, бірақ оның аты асығыс болған шығар... ономастикалық комиссия Астана қаласына оралу туралы біздің ұсынысымызды егжей-тегжейлі қарап, оның талаптарға сай келетінін және ең бастысы-қоғамды біріктіруге мүмкіндік беретінін есептеді. Себебі біз қоғамдағы бөлінуді көріп отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы да түсінеді және ренжімейді деп ойлаймын. Ономастикалық комиссияның шешімі әділ әрі объективті болды деп есептеймін, – деді Мемлекеттік тарихи  институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған.

Айта кетейік, бас қаланың атауын өзгеру туралы ұсынысқа әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен оларға оқырмандардың реакциялары негіз болған. 

«5071 жазылушылысы бар телеграм арнада сауалнама іске қосылды. Қатысушылардың 74 пайызы өзгертуді қолдап отыр. Пайдаланушылардың басым көпшілігі осы тақырыпқа оң көзқараспен қарады. ...Жалпы ақпараттық  алаңдағы жарияланымдарды және реакцияларды – лайк, комментарийлерді талдау пайдаланушылардың 80 пайыздан астамы елорданы Астана деп қайта атау туралы жаңалықты қолдайтынын көрсетті», – деді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов. 

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепов қала тұрғындарының бұл мәселеге қатысты пікірін білу үшін әлеуметтік зерттеу жүргізілмегенін айтты. 

Әлеуметтік сауалнамаға келетін болсақ, ресми түрде жүргізілген жоқ. Бірақ мессенджерлерде және телеграм каналдарды жасалған әртүрлі сауалнамаларды негізге алдық. Олардың 80 пайыздан астамы Нұр-Сұлтан қаласының атын Астана деп өзгеруте оң көзқарасы бар екенін айтып отыр, – деп толықтырды Есіркепов. 

Редакция тілшісі мәслихат депутаттарынан қала атауын өзгерткені үшін кешірім сұрай ма деген сауал қойды.  Бұл сұраққа жауап берген мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Астана атауын өзгерткені үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрауға дайын екенін мәлімдеді. 

«2019 жылы шешім қабылдаған алтыншы шақырылым депутаттары. Біз жетінші шақырылым депутаттарымыз. Сол кезде қарсы шыққан халықтан кешірім сұрайды ма деп отырсыздар. Біз сол кездегі атауды қайтадан тарихи шеңберіне қайтарайын деп отырмыз. Сол шешімді қабылдасақ, сол кешірімге тең болады. Қажет болса,  халықтан кешірім сұрауға дайынбыз», – деп қорытындылады мәслихат хатшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама