×

Түркістан облысында 10 жыл бұрын салынған мектеп қираудың алдында тұр

Ауыл балалары алты шақырымдағы көрші елдімекенге барып оқып жүр

 Дастан Жұмабекұлы 15.09.2022 | 11:47
фото: informburo.kz

Түркістан облысының Төлеби ауданында 10 жыл бұрын салынып, пайдалануға берілген мектеп құлаудың алдында тұр. Бүгінде Қостөбе ауылындағы оқу ғимаратының сау тамтығы қалмаған.

Бұл туралы «Информбюро 31» хабарлады.

Телеарнаның хабарлауынша, мектептің қабырғалары сөгіліп, едендері опырылып қалған. Дегенмен мектеп апатты жағдайда болса да оқушылардың өміріне қауіп төніп тұрса да мектеп күні бүгінге дейін жұмыс істеген. Бұл мектеп 2011 жылы ашылған. Сол кезде Қостөбеде жалпы білім беретін орта мектеп ашылады дегенде жергілікті тұрғындардың төбесі көкке бір елі жетпей қалған. Алайда арада 3 жыл өткен соң әуелі мектептің асханасы қираған, одан кейін ғимараттың қабырғалары ажырай бастапты. Қазір мектеп жабылып, ауыл балалары көрші елдімекендерге қатынап оқып жүр. Бұл ата-аналарға үлкен қиындық тудырып отыр.

Осы ауылдың тұрғыны Тастан Қуатбеков телеарнаға берген сұхбатында балалардың сыртта оқып жатқанын, алты шақырымдағы көрші елдімекенге барып-келудің өзі қиындық тудыратынын айтты.

Балаларға алты шақырым барып келуі қиын. Көпіріміз болса анау. Жолымыз болса мынау. Бұрылыс-бұрылыс жолдан қауіптенеміз. Мектепте жөндеу жұмыстары дұрыс болмаған. Ал соңғы рет тексеру жүргізген мамандар 80 пайызға тозған ғимарат, мүлдем жарамсыз деген қорытындыға келді. Сондықтан, мектепті шұғыл түрде «бұзу керек» деген шешім шығарған, –  деді ол.

Мектептің директоры Данияр Айтбаев та мектепте жүргізілген жөндеу жұмыстарының ешқандай нәтиже бермегенін  атап өтті. Оның айтуынша, қазір ауылдың 130 оқушысын 24 орындық 2 автобус тасымалдайды. Ал Қостөбедегі мектеп күрделі жөндеуден өтеді немесе толықтай бұзылады деген әңгіме әзірге жоқ. 

Қостөбедегі мектептің қазіргі жағдайы осындай. Мектептің директоры болашақта жаңа оқу орнын салуға ұсыныс берілгенін айтты. Оның қай кезде салынатыны әзірге белгісіз.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама