Жамбылда полицейлер қарулы қақтығыстың алдын алды

Динара Амантай

Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: polisia.kz

Жамбылдық полицейлер 8 адамның қатысуымен ұйымдастырылған қарулы қақтығыстың алдын алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 12 қыркүйекте Жамбыл ауданында 30-43 жас аралығындағы бір топ адам жергілікті жанармай құю бекеті аумағында өзара келіспеушіліктерін анықтамақшы болған.

Ақпарат бойынша оқиға орнына жедел түрде Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері келді. Жанар-жағармай бекеттерінің аумағы қоршалып, қақтығыс тараптары ұсталып, тінту жұмыстары жүргізілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде ұсталғандардан аңшылық қару тәркіленді.

Тергеу барысында қақтығысқа 8 адамның қатысқаны анықталды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігімен (Қаруды заңсыз сақтау және алып жүру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қажетті сараптамалар реті тағайындалды.