Halyq Uni логотип
×

Қаңтар оқиғасы: Атырауда оқ ату дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр

Атырауда Қаңтар оқиғасы кезінде бір адам қаза тапты

 Айнұр Асылбекқызы 14.02.2022 | 17:46
Қаңтар оқиғасы: Атырауда оқ ату дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр
коллаж: Halyq Uni

Атырауда қаңтар оқиғасында оқ ату дерегі бойынша - бұзақылық фактісі бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы) қылмыстық іс қозғалды. Атырау қалалық полиция басқармасы қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық істің тергеп-тексеру барысы облыс прокуратурасының бақылауында.  

Облыс прокуратурасы Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына «тергеу аяқталған соң іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады» деп жауап берді. Ал, «оқтан жарақаттанғандар бойынша бүгінде қанша іс ашылды және күдіктілер анықталды ма?» деген сауалға ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сүйене отырып, бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерінің құпиясы болғандықтан жария етуге жатпайтынын хабарлады.

Еске салайық, 5 қаңтар күні оқ тиіп қаза тапқан Алмаз Берекеновтен басқа тағы алты ер адамның оқ жарақатын алғанын жедел жәрдем станциясы қызметкерлері растады. Жараланғандардың бәрі - қарапайым тұрғындар. 25 жастағы (1997 жылғы) оң жақ жіліншегінен жарақат алған; тағы біреуі (1998 жылғы) кеуде тұсынан; үшіншісі (1988 жылғы) де кеуде тұсынан; төртіншісі - санынан; бесіншісі (70 жаста) – жамбасынан, алтыншысы (54 жаста) - төменгі жақ сүйегінен жарақат алған.

Бұған дейін Атырау облыстық ауруханасы 5 қаңтар оқиғасы кезінде облыстық ауруханаға 62 адамның (тұрғындар да, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де) жүгінгенін, оның ішінде оқ тиген екі азамат бар екенін хабарлаған болатын. Оның бірі - оң жамбасынан оқ жарақатын алған 52 жастағы Ардақ Исағалиев. Ал екіншісі - құрсақ қуысынан оқ жарақатын алған 34 жастағы Үрістембек Құбашев. Оның бір бүйрегін алып тастауға тура келген.

Ал қалған төртеуінің аты-жөні әзірге белгісіз. Көбінің жеке дерегі жедел-жәрдем станциясында толық жазылмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама