Halyq Uni логотип
×

Асхат Сейсембек, SportQory бас директоры: «Ұлы дала жорығында» қайта түлеу рухы жатыр

«The Great Steppe tour» марафоны 17-29 қыркүйекте өтеді

 Ая Өміртай 14.09.2022 | 17:57
Асхат Сейсембек, SportQory бас директоры: «Ұлы дала жорығында» қайта түлеу рухы жатыр
Фото: Halyq Uni

Теңдесі жоқ «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің басталуына санаулы күндер қалды. «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қорының Бас директоры Асхат Сейсембек қазақ ат спортын жаңаша деңгейге шығаруға негіз болып отырған бәйгенің ешкімді қайталамайтын бірегейлігімен құнды деген пікір айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Тарихы бай көшпенділердің бүгінгі мұрагері – Қазақстан атқа міну мен жылқыны қолға үйретудің отаны саналады. Осы орайда, «Спортты қолдау қоры» көшпенділер ізімен Қазақстанның жаңа астанасынан түркілердің рухани орталығы, мәдени астанасы Түркістанға дейінгі аралықты қамтитын «Ұлы Дала Жорығы» республикалық марафон-бәйгесіне қолдау көрсеткенді жөн көрді. Бұл жобаның негізгі, әрі басты мақсаты елімізге қатысты танымал бренд қалыптастыру және халықаралық аренада ұлтымыздың салт-дәстүрі мен тарихи орындарын, туристік кешендерін кеңінен насихаттау. Сондай-ақ, жас ұрпақтың сана-сезімінде халқымыздың мәдени-тарихи ерекшелігіне қатысты оң пікір қалыптастыру, еліміздегі ұлттық спорт түрлерінің дамуына тың серпін беру. Марафонға қатысушылар кең байтақ жеріміздің 6 өңірін басып өтіп, сол аралықта Ұлы дала рухын сезініп, көне мәдениетіміздің тарихи орындарына баруға, олардың түпкі тарихымен танысуға мүмкіндік алады. Жоба аясында күн сайын түрлі мәдени іс-шаралар өткізу жоспары тұр. SportQory осыған дейін де Ұлттық спортқа, этноспортқа ерекше көңіл бөліп, бірнеше жыл қатарынан қолдау көрсетіп келеді. Бірақ «Ұлы дала жорығы» жобасы солардың қатарындағы ең ауқымды іс-шараның бірі болмақ. Өйткені мұнда көшпенді халқымыздың қайта түлеген рухы жатыр», – дейді Асхат Сейсембек.

Ол келешекте де еліміздің ұлттық спортын насихаттауға, қазақтың төл спортын дамытуға қатысты жобаларды барынша қолдайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, жарыстың отандық және халықаралық ат спорты саласында жаңа форматты енгізуге негіз болып отырғандығын атады.

Біз алдағы уақытта да еліміздің ұлттық спортын насихаттауға, қазақтың төл спортын дамытуға қатысты жобаларды барынша қолдайтын боламыз. «The Great Steppe tour» бабалар ізімен жобасының әлемде баламасы жоқ. Қазақстанның ешкімді қайталамайтын эксклюзивті мәдени коды ежелгі көшпенділер өркениетінде жатыр. Осыны жас ұрпақ санасында сақтап, жадында жаттауы тиіс, – деді Halyq Uni тілшісіне.

Айта кетелік, 17-29 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесі өткізіледі. Ауықымды жобаның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ болса, серіктесі – «Sportqory» спортты қолдау қоры.

Марафоншылар 18 қыркүйекте Тәуелсіз Қазақстанның жас астанасы – Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, 29 қыркүйекте рухани астана – Түркістан қаласына ат басын тіреуі тиіс.

Әлемдік және отандық ат спортында мұндай ауқымдағы және өзгеше форматтағы жарыстың аналогы болған емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама