Белсендінің бірі Қазақстан азаматына үйленген, екі баласы бар
Алматыда қарақалпақ белсенді Жангелді Жақсымбетов пен Қошқарбай Төремұратовтың ұсталғаны хабарланды.
Қарақалпақстандағы «Шырақ» ақпарат орталығының мәліметінше, Жанкелді Жақсымбетовтің пәтеріне 13 қыркүйек түнгі сағат он екі шамасында бірнеше адам басып кіріп, ер адамды алып кеткен.
Ал белсенді Қошқарбай Төремұратовтың әйелі Ғалия Мәндібаеваның сөзінше, күйеуін Қазақстан құзырлы органдарында жұмыс істейміз деп таныстырған екі адам алып кеткен. Алайда құжатын көрсетпеген. Кейіннен Төремұратов хабарласып, өзін Өзбекстанға алып кету үшін Өзбекстан ІІМ подполковнигі Николай Бабаниязовтың келгенін айтқан.
Кешкі сағат он кезінде үйге 2 жігіт келді. Ешқандай құжат көрсетпестен, азаматтық формада келіп, күйеуімді алып кетті. Ештеңе болмайтынын, 1-2 сағат тергеуден соң қайта әкелетіндерін айтты. Олардың сөзінше, Өзбекстаннан адамдар келіп, тергеу жүргізіп жатыр екен, - дейді әйел.
Алайда кейіннен күйеуі хабарласып, үстінен Өзбекстан қылмыстық кодексінің 159-бабы («Өзбекстанның конституциялық құрылымына қол сұғу») және 244-1 бабы («қоғам тәртібіне қауіп төндіретін материалдар әзірлеу, сақтау, тарату») бойынша айып тағылғанын хабарлаған.
Ғалия Мәндібаеваның айтуынша, күйеуін Өзбекстанға алып кеткелі жатыр.
«Шырақ» ақпарат орталығының хабарлауынша, Қошқарбай Төремұратовты бұған дейін де Өзбекстан тарабының өтініші бойынша Қазақстан күштік құрылымдары бірнеше рет ұстаған.
Қошқарбай Төремұратов 12 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Қазақстан азаматына үйленген, екі баласы бар.
Ол 2014 жылы Өзбекстанға анасының жаназасына барған уақытта ұсталып, сотталған. Түрмеден 2017 жылы мерзімінен бұрын шыққан. Дәл осы жылы Қазақстанға оралған.
Төремұратов Варшава қаласында өтетін Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының адам құқығы бойынша конференциясына барып, шілдеде Қарақалпақстанда болған халық толқуы күшпен басып-жаншылғанын айтпақ болған.
Айта кетейік, 1-2 шілдеде Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында болған жаппай наразылықтың соңы қантөгіске ұласып, ондаған адам көз жұмды. Мыңдаған адам Қарақалпақстанды «егемен» статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыруға қарсы шыққан еді. Наразылықтан ресми дерек бойынша 18 адам қаза тапқан.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы