Қарағандыда полиция қызметкері есірткімен ұсталды
Сот оған 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды
Қарағанды қаласында Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының инспекторы мефедрон сатып алуға көмектескені және есірткіні заңсыз сақтағаны үшін сотталды.
Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, полиция аға лейтенанты есірткіні өзі қолданған, танысына мефедрон алуға көмектескен. Алайда ол есірткі сатумен айналыспаған.
Ол ұсталғанға дейін бақылауға алынған. Тінту кезінде полиция қызметкерінің үйінен мефедрон қалдықтары табылған.
Полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 296-бабы 3-бөлігі, сондай-ақ 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа жіберілген.
Сотталушы өз кінәсін мойындамай, тек есірткі қолданғанын мойындады. Сотта ол айыппұл төлеуге қатысты жаза тағайындауды сұраған. Қарағанды қаласының Қазыбекби аудандық соты полиция қызметкерін кінәлі деп танып, оған 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды. Ол «аға лейтенант» арнайы атағынан айырылды.