Halyq Uni логотип
×

Онамастика комиссиясының мүшелері елорда атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады

Астана атауын қайтару ұсынысы Конституциялық заң жобасына енгізілді

 Халық үні 14.09.2022 | 14:35
Онамастика комиссиясының мүшелері елорда атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады
фото: tengrinews.kz

Нұр-Сұлтан қаласында ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтіп, қала атауын Астана деп қайта атау туралы мәселе талқыланды. Бұған дейін Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы елорданы Астана қаласы деп қайта атау туралы мәселе көтерген болатын.

Ономастика комиссиясының отырысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Мемлекет тарихы институты» РММ директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов, педагогика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Тілеуғали Қышқашбаев, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас директоры Ербол Тілешов, Қазақстан жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы сөз алып, аталған ұсыныс жайлы оң көзқарасын білдірді.

Ономастика комиссиясының мүшелері елорданың атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады.

Айта кетейік, бұған дейін Парламент мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Еділ Жаңбыршин елорданың бұрынғы атын қайтаруды ұсынды.

«Конституциямызға өзгеріс енгізетін болсақ, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол – елорданың атын қайта қайтару. Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және қаланың жаңа атауын халық та қабылдамады. Сондықтан тұңғыш президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру – тарихи әділдік болар еді», - деді Жаңбыршин.

Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама