×

Ұлытау облысы мектептерінде математика пәні мұғалімі тапшы

Облыста қай пәндер бойынша маман қажет екенін айтылды

 Айгерім Таубай 14.09.2022 | 12:36
Фото: Halyq Uni

Ұлытау облысындағы мектептерге 40-тан аса мұғалім қажет. Бұл туралы облыстың білім басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұлытау облысында 2022-2023 оқу жылында 88 мемлекеттік білім беру ұйымы жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 59 мектеп қазақ тілінде, 3 мектеп орыс тілінде және 26 мектеп аралас тілде білім береді.

Облыс бойынша жекеменшік мектептер жоқ.

«2022-2023 оқу жылында мектептерде 39 602 оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде 1-сыныпқа 4 376 бала қабылданды», - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.

Сондай-ақ облыста мектептер компьютермен 100% қамтамасыз етілген. Компьютерлер мен интерактивті тақталар сұранысқа сай жаңартылып отырады, деп мәлімдеді басқарма.

Ұлытау облысында апатты жағдайда тұрған мектеп жоқ. Қазір Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Жезқазған қаласының Теректі станциясындағы мектеп құрылысын 2022 жылдың соңына дейін аяқтап, Ұлытау облысына өткізуді жоспарлап отыр, - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ қазір облыс бойынша мектептерге 42 педагог қажет.

Жалпы білім беру ұйымдарына математика пәнінен 27 мұғалім, география пәнінен 5 мұғалім, физика пәнінен – 4, биология пәнінен – 4 және информатикадан сабақ беретін екі мұғалім қажет, - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.

2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істейді. Ұлытау облысында 13 педагог-ассистент бар. Оның ішінде 8 маман қалада, 5 маман ауыл мектебінде қызмет етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама