×

«Далаға шығудан қорқады». Шымкентте 20 жыл құлдықта болған әйел енді ғана әріп танып жатыр

Психологтар дағдарыс орталығына жеткізілген әйелдің әңгімесінен өтірік таппады

фото: дағдарыс орталығы

10 жасынан бастап құлдыққа салынған өзбекстандық қазір Шымкентте тұрады. Жасы 30-ға таяған келіншекті бала күнінде ата-анасы сатып жіберген. Басында Сарыағаш ауданына жеткізілген сол кездегі қаршадай қыз кейін Шымкентке қоныстаныпты. Осыдан кейін Нигора (аты өзгертілген) 9 жыл бойы азаппен өмір сүргенін айтады.

«Әкем нашақор, шешем ішімдікке жақын еді. Туғандарымның ішінде мені атам ғана жақсы көретін. Ол кісі ата-анам мені бір қап ақшаға сатып жіберген соң жүрегі ұстап қайтыс болды. Ал, мені есімнен тандырып, әкетіп қалды. Одан кейінгісі есімде жоқ. Ол кезде шекара ашық болатын. Бірінші Сарыағашқа әкелді. Кейін қалаға. Содан кейін қап-қараңғы бөлмеден шығармады», - дейді балалық шағы азапқа толы келіншек.

Нигораның айтуынша, 9 жыл бойы тұрған жер үйде өзімен бірге тағы 20 қыз болған. Арасындағы ең кішісі сол кездегі 10 жастағы Нигора болған. Қалғаны ересек болғанын айтқан Нигора өздерін тек су мен нан беріп тамақтандырғанын айтады. Одан бөлек, жыныстық қатынасқа түсуден бас тартса, темірмен ұратын болған.

«Құлдықтағы қыздардың бірін мен сияқты әке-шешесі сатып жіберген. Кейбірін ұрлап әкелген. Әрқайсының тағдыры әртүрлі. Біз сөйлеспейтінбіз. Сосын бізді сататын. Бірін Түркияға, тағы бірін арабтарға. Мені де солай жібермекші еді. Бірақ, сол жердегі күзетші маған көмектесті», - дейді кейіпкеріміз.

Қыздардың бәрі қатаң бақылауда болған. Егер біреуі жоғалса, күзетші басымен жауап береді. Алайда, күзетші Нигораны өз қызына ұқсатып, үйіне алып кеткен.

«Әйелі маған тамақ берді. Солай жүріп тағы бір әйелмен таныстым. Ол мені аяп, үйіне кіргізді. Кейін сол кісінің туысқанымен танысып, тұрмысқа шықтым. Бірақ, ол мені құрсақтағы 6 айлық баламмен тастап кетті», - дейді көзіне жас алған келіншек.

Нигораның тағдыры одан кейін де түзелмеген. Перзентханадан шыққан әйелді тағы біреулер құлдыққа әкеткен. Бұл жолы зорлыққа емес, жұмысқа жеккен. Ол жерде сегіз ай болған келіншек қашып шығып, қазір Шымкенттегі дағдарыс орталығын паналап отыр.

Ол бәрінен қорқады, ғимараттан шығуы қиын. Бастапқыда психологтарға жолықтырдық. Сөзінің рас-өтірігін тексеру үшін үш психолог жұмыс істеді. Бірақ оның айтқан әңгімесінен өтірік таппады. Қазір жеке үйге шығарып, жұмыс істеп ақша табуға көмектеспекшіміз, дейді «Көмек» дағдарыс орталығының жетекшісі.

Өмірінің 20 жылы құлдықта өткен келіншек оқуды, жазуды білмейді. Орталық мамандарының көмегімен енді ғана әріп танып, сауат ашып жатыр.

Айта кетейік, «Сана-сезім» құқықтық орталығы өкілдері былтыр Шымкент қаласы бойынша адам саудасына қатысты 70 іс тіркелгенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама