Үш бөлмелі пәтердің сертификаты да берілді
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков дала өртін сөндіру кезінде күйік шалып, қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына президенттің атынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті.
Сонымен бірге марқұмның отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификаты да берілді. Осының алдында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына үш бөлмелі пәтердің берілетіні хабарланған еді.
Сондай-ақ, Бесқарағай ауданында отбасымен бірге орман өртінің алдын алған Бесқарағай ауылының тұрғындары Жанболат и Анаргүл Рүстемовтердің отбасына алғыс хат пен тұрмыстық техника табыс етілді.
6 қыркүйек күні Жанболат Рүстемов отбасымен бірге жеке автокөлігімен келе жатып, орманнан шыққан түтінді байқайды. Сол кезде Рүстемовтер отбасы бірден тиісті орындарға телефон шалып, отты өздері сөндіре бастаған. Канонер филиалының орман өртін сөндіру станциясы мамандары келіп жеткенге дейін Жанболат Рүстемов, зайыбы Анаргүл Рүстемова мен ұлдары Есхан Рүстемов үшеуі өртті сөндіріп үлгерген.