Қала әкімінің кеңесшісі Нұрбол Қожықов та қызметінен кеткен
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев өз еркімен қызметінен кетті.
Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиевтің мас күйінде әріптесімен жаға жыртысып жатқан видеосы тарады. Видеода мемлекеттік қызметкердің әріптесі – қала әкімінің кеңесшісі Нұрбол Қожықов та бар. Жанжалдың нақты қай жерде болғаны белгісіз. Әкімдік өкілдері шенеуніктердің бір-бірімен сөзге келуіне «өзара түсініспеушілік» себеп болғанын айтады.
Қала әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова шенеуніктің бұл әрекеті жұмыстан тыс уақытта әрі бұрын болғанын айтты.
Асхат Есеналиев - қаланың құрылыс саласы мен тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жауап беретін шаһар басшысының орынбасары. Ол бұл қызметке 2020 жылдың сәуірінде тағайындалған.
Осы оқиғадан кейін қала әкімінің кеңесшісі Нұрбол Қожықов та қызметінен кеткен. Алайда, әкімдіктегілер оның қызметінен босатылуын «бұл жағдайға емес, денсаулығына байланысты» деп түсіндірді.