×

Зауыттың көбеюі салдарынан Аршалы тұрғындарының 70%-ы обырға шалдыққан

Ауданда шамамен 30-дан аса зауыт болса, қазір олардың тең жартысы жұмыс істеп тұр

 Еркеғали Болатұлы 13.09.2022 | 14:23
фото: ашық дереккөз

Шаң астында қалған Ақмола облысының Аршалы кентінде енді онкологиялық аурулар жиілеген. Тұрғындар жастардың денсаулығына алаңдайды. Оның үстіне қиыршық тас өңдейтін зауыттар жыл сайын көбейіп бара жатыр.

Биыл ғана ашылған қиыршық тас зауыттары Аршалы ауылынан шамамен 1,5 шақырым жерде орналасқан. Онда көтерілген қалың шаң дәл сол күйі ауылға баратын көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, ауыл айналасындағы мұндай зауыттардың басым бөлігі экологиялық ережелерге сай келмейді. Тұрғындар бұл мәселе жыл сайын көтерілсе де нәтиже болмай жатқанына ашынып отыр.

Бүкіл ауданда 17% адам онкологиямен ауырса, біздің ауыл тұрғындарының 70%-ы ауырады. Жыл сайын көбейіп бара жатыр. Бұл – жай сөз емес, статистика», - деді Аршалы ауданының тұрғыны Жансара Мұқанова, «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында.

Ақылжан Қасқатаев атты тұрғын да өзінде 2015 жылдан бастап ауру пайда болғанын айтады.

Мен қазір тісім ауырса да емделе алмаймын. Қан қысымым – 180-200. Бүкіл дәріге аллергия. Ақыры зерттеп келген кезде осы климаттан болып тұр. Маған жер ауыстыру керек. Өз денсаулығым емес, ертең балам да осындай ауру бола ма деп қорқамын, - дейді ол.

Айта кетсек, Аршалы ауданында шамамен 30-дан аса зауыт болса, қазір олардың тең жартысы жұмыс істеп тұр. Зауыттардың ең жақыны – ауылға 500 метр қашықтықта. Ол Кеңес үкіметінен қалған. Ал басқалары соңғы жылдары ашылған. Ауыл жұрты жаңа зауыт ашыларда біздің пікірімізбен ешкім санаспайды деседі.

Зауыт ашу үшін оларға тек облыстың жауаптылары рұқсат береді екен. Ал біз шаңға тұншығып өмір сүріп жүрміз, - дейді кент тұрғыны Наталья Губина.

Бұл елді мекенде жыл сайын аудандық деңгейде экологиялық тексеріс жүргізіледі. Бірақ олар зауыттардың техникалық тұрғыда нормативтерге сай жұмыс істеп жатқанын және шаңның зияны жоқ екенін растап кетеді екен. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері бұл жолы өзіміз тексереміз деп отыр.

Тұрғындардың шағымдары аяқсыз қалмайды. Біз бұл мәселемен міндетті түрде айналысамыз. Тексеріс жұмыстарын бастаймыз, - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі Олжас Беркінбаев.

Ал соңғы уақытта ол ауылда өмір сүрудің қиындағанын алға тартқан жергілікті жұрт бұл жолы да мәселе шешілмесе, президентке хат жолдағалаы отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама