Зардап шеккендер жоқ
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында мектеп іші түтіндеп, 500-ге жуық оқушы далаға шығарылды. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілерінің мәліметінше, бүгін, 13 қыркүйек күні сағат 09:57-де Риддердегі мектептердің бірінің ішін түтін басқан. Оқиға орнына құтқарушылар шақырылды. Олар келіп жеткенше мұғалімдер ұйымдасқан күйде 500-ге жуық оқушыны далаға шығарған.
Анықталғандай, 2-қабатта орналасқан асханадағы пеш үстінде майдың қалып қоюынан түтін шыққан. Абырой болғанда, өрт болмады. Зардап шеккен ешкім жоқ», - делінген хабарламада.
ТЖД қызметкерлері ауаны тазартқан соң оқушылар мектепке кіріп, сабақтарын қайта жалғастырды.