«Сергек» камерасына қосымша функция енгізілді
Жаңа функция жол ережесін бұзғандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді
Елорданың «Сергек» камераларындағы жаңа функция 26 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласының 26 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде «бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту» заң бұзушылықтарын анықтау бойынша «Сергек» аппараттық бағдарламалық кешенінің қосымша функциясы әзірленіп, енгізілді, - деді Полиция департаменті.
Полиция мәліметінше, 2021 жылы қаланың жаяу жүргіншілер өткелінде 98 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жаяу жүргіншілерді реттейтін өткелдерде 38, ал реттелмейтін өткелдерде 60 жаяу жүргіншіні қағып кету фактісі орын алды.
«Жол апаттары салдарынан 100-ге жуық адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды», – деп қосты департамент.
Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, аталған фунция «Сергек» камерасында көше қиылысында ғана болған.
Қазір нақты жаяу жүргіншілерге арналған орындарға қойылды. Бұл тек автокөлік жүргізушілеріне ғана қатысты. Пилоттық жоба шеңберінде әзірге 26 жерге орнатылды. Жыл соңына дейін толық қосу көзделіп отыр, - деді әкімшілік полиция басқармасы.
Бұған қоса басқарма аталған функцияны қосу бюджеттен қосымша шығынды қажет етпейді деп сендірді. «Сергектің» жаңа функциясы бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өткен жүргізушіге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
2022 жылы Қазақстанда бір айлық есептік көрсеткіш 3063 теңгені құрайды.