Үйдің құны – 17 млн теңгеден. Барлық жер мен инфрақұрылымды есептегенде, 25 млн теңге шығады
Аманқарағай мен Озерный ауылында өрттен үйі аман қалып, бірақ қора-қопсысы бүлінген жұртқа материалдық көмек беріледі. Бұл жайында «Сұрау бар» YouTube арнасы әзірлеген «Өрттен кейінгі өмір. Әулиекөл» атты деректі фильмде Аманқарағай ауылдық округінің әкімі Байтемір Исмайыл мәдімдеді.
Біздің ауыл – Аманқарағайда 85 үй жанып кетті. Озерныйда 6 үй. Барлығы – 91. Әулиекөлде 91 үй салынып жатыр. Жұрттың барлығы сонда көшіріледі. Жолдың бойында көрген шығарсыз. Ол жерден газ, су, жарық өтеді. 1-2 үйдің іргетасын қалау басталды. Үйдің ішінде бәрі болады. Дәретханасы мен жуынатын бөлмесі, бүкіл техникасы, төсек, шкафқа дейін, - деді әкім.
«Үйі аман қалып, бірақ қора-қопсысы бүлінгендердің жағдайы не болады?» деген сұраққа ол қажетті деген құрлыс материалдардың барлығымен жұртты қамтуға уәде етті. Оған жеткілікті заттар келіп жатыр.
Оларға да көмек болады. Тақтай, шеге келді. Соны береміз. Ақшалай ештеңе берілмейді. Тек үйі бүлінгендерге ғана үй беріледі. Халық уайымдамасын, баспана береміз, орманды қалпына келтіреміз, - дейді Байтемір Исмайыл.
Жаңадан салынып жатқан үйдің құрылысы 2,5 айдың ішінде аяқталуға тиіс. Президенттің тапсырмасы солай. Әулиекөл аудандық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Әділбек Нұрхановтың айтуынша, бір баспананың құны 17 млн теңгеден болмақ.
«Бір үй 100 шаршы метрді құрайды, яғни 5 бөлмелі. Үйдің құны – 17 млн теңгеден. Барлық жер мен инфрақұрылымды есептегенде, 25 млн теңге шығады. Демеушілердің ақшасына салынады», - дейді ол.