×

Жетісуда 11 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, қазір мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің құжаттары жасалып жатыр

 Халық үні 12.09.2022 | 20:50
Фото: syrboyi.kz

Панфилов ауданында инвестициялық жобаларға бөлінген 11 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал осы аумақта салынуы тиіс нысандардың әлі күнге бір кірпіші де қаланбаған деп хабарлады  «Хабар 24» арнасы.

Мұны аудан прокурорлары анықтады. Енді жер қайтарылып, қоғамдық мақсатта пайдаланылады. Шолақай ауылы тұрғындарының жайылымды қоғамдық меншікке қайтара алмай жүргеніне екі жыл болған. Елді мекен жанындағы 1200 гектар жер кезінде инвестициялық жобамен жекеменшікке беріліп кеткен.

Табынды жайғанда құжаттары болмай келді. Мына жерге жаймаңдар жекеменшігіміз шабамыз, баз саламыз деп, әркім келіп, қожайын болып алады. Тақыр, мал тоймайтын жерде жүрдік, – деді  Шолақай ауылының тұрғыны Болатбек Қалиев.

Талай мекеменің табалдырығын тоздырған ауыл тұрғындарының талабы орындалды. Көпшіліктің шағымынан соң прокурорлар аталған аумақты мемлекет меншігіне қайтаруға ықпал еткен. Құзырлы орган аймақта 11 мың гектар жердің  игерілмей жатқанын да анықтады.

Панфилов ауданының аумағында 40 инвест жоба жүзеге асырылған. Тексеру нәтижесінде алтауы іске асырылмаған соң біз жергілікті атқарушы органға қадағалау актісін енгізіп, инвестициялық жобаға алған жер учаскесін қайтардық, ол жер 12 мың гектарға жуық екен. Кадастрлық құны 90 млн шамасында, – дейді Панфилов ауданының прокуроры Бауыржан Тойбаев.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде ауданда жер мәселесі өз шешімін тауып келеді. Кезінде жайылым тапшылығы аймақтағы ең өзекті проблеманың бірі болған.

Қазір бізде 14 ауылдық округ бар. 14 округтің сұранысы бойынша бекітіліп қанағаттандырылды. Бүгінгі күні картасын сызып, бізге мына жер керек деп алып келгендері бәрі бекітіліп, бәрі қанағаттандырылды. Жайылым мәселесі шешілді. 70 мыңнан астам жер қоғамдық жайылым үшін беріліп отыр, -дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, қазір мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің құжаттары жасалып жатыр. Жұмыс бірер айда аяқталады. Сол кезде ауыл тұрғындары жайылымнан тарықпай, төрт-түлігін емін-еркін өрістететін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама