Алматы облысында жүк пойызы 120-дан аса қойды басып кетті (ВИДЕО)
Малдың иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Алматы облысында «Жетіген-Құрөзек» аралығында жүк пойызы 123 бас қойды басып кетті. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
12 қыркүйек күні сағат 01.24-те Алматы облысы жүк пойызының машинисі темір жолдан өтіп бара жатқан бір отар қойды байқап, шұғыл тежеу қолданды. Алайда қақтығыстың алдын алу мүмкін болмады. Соның салдарынан 530 бас қойдың 123-і пойыз астына түсіп өлді. Пойыздың тұрағы 13 минутты құрады, - деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Оның айтуынша, оқиға орнына Алтынкөл станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетіп, жүргізілген іс-шаралар барысында малдың иесін анықтады. Ол Алматы облысы Туғанбай ауылының 36 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Аталған азамат ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі, яғни темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Оңал Бекеев.