Қызылордада 3 жезөкше жігіт есепке алынды
Облыс көлемінде «Stop-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді
Қызылордада жезөкшелікпен айналысқан үш ер адам есепке алынды деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қызылорда облысының ПД 7-9 қыркүйек аралығында облыс көлемінде «Stop-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген. Облыс аумағында атқарылған жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде адам саудасына байланысты 4 қылмыс тіркелсе, оның ішінде жезөкшелікпен айналысуға тартудың бір дерегі, сонымен қатар жеңгетайлықпен айналысудың үш дерегі анықталды.
Рейдтік іс-шараларды жүргізу нәтижесінде қоғамдық орында тиісудің 43 дерегі анықталып, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 449-бабымен (Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру) әкімшілік хаттамалар толтырылды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 450-бабымен жезөкшелікпен айналысуға үй-жайды ұсынғаны үшін төрт азаматша анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған қоса жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында жеңгетайлықпен айналысқаны үшін бір адам және 10 адам жезөкшелікпен айналысқаны үшін есепке алынғаны белгілі болды. Ведомство өкілдері олардың үшеуі ер адам екендігін жеткізді.