Ол кінәсін толық мойындады
Атырау қаласының №2 сотында ювеналды полиция инспекторының үстінен пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Х. есімді полиция инспекторы С. есімді кәмелетке толмаған баланың ата-анасынан істі сотқа жолдамау үшін 100 мың теңге пара алған. Атырау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оны пара алып жатқанда ұстады. Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды.
Сот барысында күдіктінің кінәсі дәлелденді. Сотталушы өзіне тағылған айыппен толық келісіп, істеген ісіне өкінетінін, судьядан бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Судья Х-ға параның 30 еселенген сомасында, яғни 3 млн теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды», - деп жазылған Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.