×

Ювеналды полиция инспекторы ата-анадан пара алған

Ол кінәсін толық мойындады

 Дәурен Ерболат 12.09.2022 | 14:44
Фото: Halyq Uni

Атырау қаласының №2 сотында ювеналды полиция инспекторының үстінен пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Х. есімді полиция инспекторы С. есімді кәмелетке толмаған баланың ата-анасынан істі сотқа жолдамау үшін 100 мың теңге пара алған. Атырау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оны пара алып жатқанда ұстады. Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Сот барысында күдіктінің кінәсі дәлелденді. Сотталушы өзіне тағылған айыппен толық келісіп, істеген ісіне өкінетінін, судьядан бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Судья Х-ға параның 30 еселенген сомасында, яғни 3 млн теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды», - деп жазылған Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама